Ақтөбе қаласын абаттандыруға тапсырма берілді
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының ішін аралап, бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.
Аймақ басшысы ең алдымен «Анаға тағзым» орталығы алаңында қаланы дамыту жобаларымен танысты. Қала әкімі Асхат Шахаров аймақ басшысына Батыс 2 шағын ауданындағы жүргізіліп жатқан жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарының жобасымен таныстырды.
Өңір басшысына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет «Анаға тағзым» орталығына қарсы бетте еліміздің 30 жылдығына орай тұрғызылатын «Азаттықтын ақ таңы» атты тарихи кешенінің эскиздік жобасымен таныстырды.
Содан кейін облыс әкімі «Триатлон» саябағын аралап, «Таза бейсенбі» көгалдандыру аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарымен танысты. Шаһар басшысының мәліметіне сәйкес, триатлон аумағына 2 жарым мыңнан астам жас көшеттерді отырғызу жоспарлануда.
Өңір басшысы Авиагородок ауданындағы саябақты аралап көріп, абаттандыру жұмыстарымен және болашақта салынатын балаларға арналған спорттық-ойын алаңдары жобасымен танысты.
Оңдасын Оразалин аралау барысында «Нұр Ақтөбе» шағын ауданын абаттандыру және саябақтардың құрылысы жұмыстарының жобасымен де танысты. Келешекте бұл ауданда Өнер орталығы бой көтеріп, спорттық-сауықтыру, балалар ойын алаңдары және бассейндер іске қосылмақшы.
Аймақ басшысы Тұрғын қалашық ауданындағы «Алақай» театрының аумағын көгалдандыру, абаттандыру жобасымен де танысты. Жуық арада мұнда балаларға арналған ойын, спорттық, шахмат, би алаңы және тамақтандыру орталығы ашылатын болады. Облыс әкімі нысандардың жағдайымен танысып, мердігерлерге басталған жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
– Қаламыздың аумағы күн өткен сайын үлкейіп келеді. Тұрғын үйлер көбейіп, құрылыс жұмыстары да қала тазалығына өз әсерін тигізіп отырғаны рас. Дегенмен, біз қала тұрғындарының таза әрі әдемі табиғат аясында демалысын тиімді өткізулері үшін бар жағдайды жасауымыз қажет. Шағын саябақтарды тазалап, субұрқақтарды іске қосып, көше бойларын абаттандыру керек. Қала тұрғындары мен басқа жақтан қыдырып келген қонақтардың түнгі мезгілде де қауіпсіз жүруі үшін көше шамдарын уақытылы ауыстырып отыру керек. Қала тазалығын сақтау – әрбір тұрғынның бұлжымас міндеті. Ешкім сырттан келіп шашып кетпейді, тазалап та бермейді. Бәрін өзіміз жасаймыз. Жас буынға үлгі көрсетіп, олардың бойында тазалыққа деген құштарлықты ояту мәдениетін қалыптастыру өзімізден басталады,– деді аймақ басшысы.
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаровқа қала тазалығын үнемі бақылауда ұстауды және көркейту, абаттандыру бағытындағы жұмыстарды сапалы әрі тез арада аяқтау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.