Шығыс Қазақстанда бос орындар жәрменкесі: еңбек нарығында 2500 жаңа маман

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да жыл сайынғы аймақтық бос орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шара барысында 200 жұмыс беруші өңірдегі ең ірі жоғары оқу орнының 2500 түлегімен сұхбат жүргізді. Төртінші курс студенттері өз түйіндемелерін ұсынып, ұйым өкілдерінен ашық вакансиялар туралы толық ақпарат алды.
Жұмыс берушілер қатарында мектептер, балабақшалар, «Асыл Мирас» аутистік спектрдің бұзылуы бар балаларды қолдау орталығы, «Эмиль» ЖШС, «Экобиоцентр» оқу-зерттеу орталығы , «Согра жылу электр орталығы» ЖШС, «Алтай балы» шаруа қожалығы, облыстық «Алтай» облыстық телеарнасы және басқа да ұйымдар бар.
– Бірнеше жыл қатарынан университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 98%-ды құрап келеді. Әсіресе, мемлекеттік білім беру гранты және «Білікті маман» жобасы бойынша оқуын аяқтайтын түлектердің жұмысқа орналасуы біздің ерекше бақылауымызда. Биыл педагогикалық білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқу бөлімін 667 студент бітіреді, оның 451-і грант иегерлері. Олардың 100% жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз, – деді С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайырғазиновтың айтуынша, бос орындар жәрмеңкесі – жас мамандармен диалог орнатудың бірегей алаңы.
– Бүгінгі жәрмеңкеге өнеркәсіп, өндіріс, тамақтану, медицина және білім беру салаларынан көптеген мекеме қатысып отыр. Мұндай бастамалар қала мен өңірдегі жұмысқа орналасу деңгейін арттыруға ықпал етеді. Іс-шара жастарға жұмыс берушілермен алғашқы байланыс орнатып, өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Досхан Қайырғазинов.
Жәрмеңке барысында «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» жобасының түлектеріне ерекше көңіл бөлінді. Көптеген бітірушілер болашақта табысты мансап құруды және С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да магистратура мен докторантураға түсуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, ШҚУ-дағы «Серпін» бағдарламасы түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 97%-ды құрайды, бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
– Бүгін біз топтастарымызбен жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, өзімізге қажетті барлық мәліметті алдық. Бұл – нақты уақыт режиміндегі «Head Hunter» секілді. Өте ыңғайлы және жақсы ойластырылған. Бізге осындай мүмкіндік жасағандарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Өзім үшін бірнеше қызықты жұмыс ұсыныстарын қарастырдым, – деп бөлісті С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Құралай Жақсылықова.