04

Оңдасын Оразалин: «Біз Президенттің өңірді қарқынды дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған саясатын жүзеге асыруды жалғастырамыз»

Орталық коммуникациялар қызметінде Ақтөбе облысының 2021 жылдың тоғыз айы ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен алдағы кезеңге жоспары жайында баспасөз мәслихаты өтті.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Президенттің халықтың әл-ауқатын жақсартып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша тапсырмасының жүзеге асырылуы туралы баяндады.

«Еліміздің өз алдына дербес мемлекет құрғанына мінеки 30 жыл болды. Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 927 мың тұрғын бар. Ал 1991 жылы 740 мың болған. Сәйкесінше, Ақтөбе қаласының тұрғындарының саны шамамен екі есе өсіп, бүгінгі күнге 551 мыңды  құрайды. Өңірлік әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсарғанын осы сандар арқылы да білуге болады. Өйткені адам баласының табиғатына тән нәрсе, қай жерде  өмір сүру ыңғайлы, сол жерге көбірек шоғырланады. Біз өңірдің серпінді дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған Президент саясатын іске асыруды жалғастырудамыз»,- деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Оның сөзінше, жыл басынан бері негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға ұлғайды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 11,2% өсім тіркелді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны – 130,5%-ды, құрылыс – 103,4%-ды, тұрғын үйді пайдалануға беру – 112%-ды, сауда – 104,1%-ды құрады.
«Биылғы жылғы құрғақшылықтың себебінен дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі төмен болды. Бұл ретте, өсімдік шаруашылығының өнімі 83,7%–ға азайды, соның салдарынан ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 95,1%–ға төмендеді. Дегенмен, жыл қорытындысы бойынша мал шаруашылығы есебінен ауыл шаруашылығы көрсеткішін оң динамикаға шығаруды жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 26,7 млрд.теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде, қомақты қаражат, яғни  6,7 млрд. теңге жем-шөп сатып алуға бөлінді. Біздің облыс – биыл ауыл шаруашылығына осындай ауқымды қолдау көрсетіп отырған жалғыз өңір»,- деді О.Оразалин.
Жыл басынан бері 624 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, жыл соңына дейін 1 млн.-нан астам м2 пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Осы жылдың қорытындысы бойынша өңір халқының 97,3%-ы орталықтандырылған сумен, 93% -ы газбен қамтылады.
“314 шақырым жол жөнделді, жалпы, жылдың қорытындысы бойынша 450 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарда бар, бұл жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 66%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», деді спикер.
Облыс әкімі өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы жасыл аймақта.
О.Оразалин: «Әрине, коронавирустық індетке қарсы күрестің негізгі құралы вакцинация болып табылады. 4 қарашадағы жағдай бойынша облыста бірінші компонентпен 339 мың адам, екінші компонентпен 310,2 мың адам егілді»,- деп жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button