Экономика

Қазақстанда жыл сайын 300 мың тонна мырыш, 150 мың тонна қорғасын өндіріледі

QazIndustry баяндамасында ILZSG (International Lead and Zinc Study Group) деректеріне сәйкес 2019 жылы әлемдегі мырыш өндірісі 13,5 млн тоннаны (2018 жылы – 13,1 млн тонна) құрағандығы айтылған. Қазақстанда жыл сайынғы мырыш өндірісі 300 мың тонна шамасында. Негізінен ол ірі өндіруші «Қазмырыш» ЖШС орналасқан Шығыс Қазақстан облысында шоғырланған. Ол өндірістің 95% астамын құрайды. Бұл – өндірістік қуаты жылына 190 мың тонна Өскемен металлургиялық кешені және өндірістік қуаты жылына 112 мың тонна жоғары маркалы тауарлы мырыш және мырыш-алюминий құймасын өндіретін Риддер металлургиялық кешені.

Шағын өндіріс Қарағанды облысында орналасқан: мырыш өндірумен айналысатын «KAZ Minerals» тобы және «Нова-Цинк» ЖШС (мырыш және қорғасын концентратын өндіретін «Челябинск мырыш зауыты» ААҚ еншілес кәсіпорны). Қазақстанда өндірілген өңделмеген мырыштың
80-90% көлемі экспортталады. Жеткізу географиясы: 2019 жылы Қытайға мырыштың 88%, Ресейге – 7%, Украинаға – 4% жіберілді. ILZSG деректері бойынша өткен жылы мырышты әлемдік қолдану 13,7 млн тоннаны құрады (2018 жылы – 13,6 млн тонна).

Қазақстан аумағында өндірілген мырыштың бір бөлігі мырышталған прокат шығару үшін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да қолданылады.

ILZSG деректері бойынша 2019 жылы әлемдік қорғасын өндірісі 11,9 млн тоннаны құрады (2018 жылы – 11,8 млн тонна). Қазақстанда өндірілетін қорғасынның барлық көлемі – жылына 120-150 мың тонна «Қазмырыш» ЖШС келеді (2019 жылы 99,6%).

Ішкі нарықта тазартылған қорғасынды негізгі пайдаланушы – аккумулятор өндірісімен айналысатын «Қайнар-АКБ» ЖШС. Қалған бөлігі экспортталады. Негізгі көлем «Қазмырыш»-тың негізгі акционері ‎Glencore компаниясы орналасқан Швейцарияға жіберіледі.

2019 жылы қорғасын пайдаланудың төмендеуі қорғасын қышқылды аккумуляторлардағы металды пайдаланудың негізгі бағытымен байланысты болуы мүмкін. ILZSG деректері бойынша 2019 жылы әлемдік қорғасын пайдалану 11888 мың тоннаны құрады (2018 жылы – 11906 мың тонна), қорғасын қышқылды аккумуляторлар үлесі әлемдегі қорғасынға деген сұраныстың 80% құрайды.

Таяу болашақта автомобиль секторында қорғасын қышқылды аккумуляторларды литий-ионды батареялар алмастыруы мүмкін, бұл әлемде қорғасын пайдалануға теріс әсерін тигізіп, оның өндірісі төмендеуі ықтимал.

Басқа жаңалықтар

Back to top button