Қарағанды облысындағы жолдарды жаңарту жұмыстары тексерілді
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев «Теміртау – Қарағанды» жолын, «Қарағанды қаласының солтүстік-шығыс бұрма жолын» және «Қарағанды – Балқаш» жолын қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысу мақсатында Қарағанды облысына іссапармен.
Берік Қамалиев өңірдегі қайта жаңарту жұмыстарынан өтіп жатқан жол учаскелерінде болып қайтты. Мұнда сондай-ақ, ««QazAvtoJol» ҰК» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының, мердігер ұйымдардың өкілдері қатысқан кеңес өткізілді.
Вице-министр жобалар бойынша жол учаскелерінде асфальт жабындысын төсеу жұмыстарын бастау мерзімін нақтылап, жолдарда қозғалысты биыл ашуды жүктеді.
Айта кету керек, ұзындығы 363 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Балқаш» жолы көлік басқарушыларға Курминка, Ақшатау, Ақсу-Аюлы елді мекендері мен Балқаш қаласын айналып өтуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын CITIC Cinstruction Co.Ltd» және «КазГерСтрой» компаниялары жүргізіп жатыр. Жұмыстардың сапасын «Жол-Жоба KZ», «АрсНабиК» және «СтройСервисГарант» компаниялары бақылауда.
Жобаға сәйкес автомобиль жолы реконструкциядан өткен соң, көлік қозғалысына арналған 4 жолағы бар І техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілетін болады. Жолдың төменгі қабатымен көлік басқарушылар биылдың өзінде жүре алады деп жоспарланған. Тасжолды қайта жаңарту жұмыстары 2022 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. «Теміртау – Қарағанды» және «Қарағанды қаласының солтүстік-шығыс бұрма жолы» жобалары биыл аяқталмақ.
Дереккөз: gov.kz/memleket/entities/miid