Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындардың ағаштарды кесуге қатысты шағымдарына назар аударды. Аймақ басшысы өткен аптада облыс орталығында болған құс балапандарының өліміне қатысты жағдайды қатыгездік деп атады.
– Өткен аптада ағаштарды кесуге қатысты бірқатар шағымдар болды. Адамдардың шағымдары орынды. Біріншіден, кесуді қажет ететін жерде ағаш бұталары кесілмейді. Қурап қалған ағаш жылдар бойы тұрады. Нақты жағдайлар ескерілмейді. Санитарлық кесу құстардың өліміне әкелмеуі керек. Бұл ағаштарды ұялармен және тірі құстармен бірге кескендігі барып тұрған қатыгездік, – деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек аппараттық кеңесте.
Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев оқиға жеке аумақта болғанын хабарлады. Пиццерия иесі жазаланды. Кәсіпкерге қатысты “Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру” 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалды.
Мұндай жағдайларға жол берілмеуі тиіс, деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Нормаларды бұзғаны үшін кінәлілерді қатаң жазалау керек.
Облыс әкімі ағаштарды кесуді ретке келтіруге, қажет болған жағдайда мамандармен және ғалымдармен кеңесуге шақырды.