Атырауда көпбалалы отбасыларға 119 жалдамалы пәтер сатып алынады
Атырауда көп балалы отбасыларға 119 жалдамалы пәтер сатып алынады. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиында белгілі болды, деп хабарлайды Атырау облысы коммуникациялар қызметі.
Атырау облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мырзаболатовтың айтуынша, Атырауда көпбалалы отбасылар үшін арендалық 119 пәтер сатылып алынбақ.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты бірегей тұрғын үй саясатын жүзеге асыру. Ағымдағы жылдың төрт айында 1312 пәтер немесе 152,6 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысын жалғастыру мақсатында аймақта 1400 га аумақ бөлінді. Көп қабатты 513 тұрғын үй құрылысын салу жоспарланып отыр», деді Нұржан Мырзаболатов.
Қазіргі таңда облыста 24 тұрғын үй құрылысы, яғни, 2258 пәтер салынуда. Оның ішінде жыл аяғына дейін 1326 пәтер, яғни 10 үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Спикердің айтуынша, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Атырауда көп қабатты 128 үй жөндеуден өтті. Тек өткен жылы ғана жергілікті бюджет есебінен 13 үй жөнделді.
Сонымен бірге, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 30 үйге күрделі жөндеу жасалады.
Жиынды қорытындылаған Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бірқатар тапсырмалар берді. Ең алдымен, «Нұрлы жер» аясындағы нысандарды уақытылы тапсыру және тұрғын үй құрылысына бөлінген қаражатты тиімді пайдалануды міндеттеді. Сондай ақ, тұрғын үй иелері кооперативін құрып, түсінік жұмыстарын жүргізу де маңызды.