Қоғам

Әлеуметтік желінің әлегі

Әлеуметтік желілерден діни ақпарат іздеу кей кезде діни адасушылыққа алып келетін негізгі фактор болып табылады. Адам өзіне тың ақпарат аламын деген ниетпен интернет ашып, кейін деструктивті ағым өкіліндерінің ықпалына түсіп қалу қаупі жоғары. Бұл туралы редакциямызға дінтанушы, елордалық Діндерде зерттеу орталығының маманы Қарлығаш Жұмаділ толығырақ айтып берді.

-Қарлығаш ханым, біздің қоғамда деструктивті діни ағымға түсіп кететін адамдар жиі кездеседі ме? Діндерді зерттеу орталығының маманы ретінде сіздерге радикалды ағымға түсіп кеткен жандар көмекке жүгініп тұратындар көп пе?

-Дін мәселесі – ол әрқашан актуалды мәселелердің бірі. Өйткені, адамның сенімі арқылы өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырғысы келетіндердің қарасы қалың. Кейде жан күйзелісіне түсіп, торыққан жандар діннен демеу іздесе, кейде әр себептермен қиындыққа түскен орта жастағы адамдар да радикалды топтың құрбаны болып жатады. Басты назарды жастарға ғана бұра бермей, орта және егде жастағы адамдар жөнінде де ұмытпауымыз керек. Радикалды діни ағым өкілдері адамды жынысына, жасына, нәсіліне қарап бөліп отырмайды. Діни сауаттылығы жоқ, бірақ дінге қызығушылығы бар немесе күйзелісте жүрген адамдарды жат ағымға тарту оңай. Жақында ғана бір жағдай орын алды. Орталыққа жас қыз хабарласып, анасының күмәнді кітаптар оқып, үйде шығып кете беретін әдеп шығарғанын айтып, көмектесуімізді өтінді. Орталыққа шақырып, мән-жайды анықтай келе, елімізде тыйым салынған діни ағым өкілдерімен байланысқа түскені белгілі болды. Дер кезінде аталған әйел адаммен психолог, теолог мамандарымыз жұмыс жасауға кірісіп кетті. Радикалды ағымға түсіп кеткен адамдардың қалыпты өмірге түсуіне ұзақ уақыттар алады. Ұқсас сұрақтар мен түрлі оқиғалармен көмекке зәру жандар хабарласып тұрады. Өзіміз де күмәнді парақшаларды анықтап, әлеуметтік желілерде мониторинг жасап тұрамыз.

-Пандемия салдары да халыққа әсер етпей қоймағаны рас. Экономика, медицина сынды салалардағы өзгерістерді жиі айтамыз. Ал, COVID 19 Дін саласына қандай өзгерістер әкелді?

-Дұрыс атап өттіңіз, пандемияның кесірі талай саланың кері кетуіне әсер етті. Мысалы, індеттің салдарынан онлайн байланыс арттып, қоғам интернетті жиі пайдаланатын болды. Бәріміз білеміз интернетте алуан түрлі материал бар. Ақпаратты сүзгіден өткізе алмағандар, радикалды топтардың пропагандасын тез сіңіруде. Әлеуметтік желілердегі ақпарат толқынана жүз пайыз шектеу қою мүмкін еместігін ескеруге тиіспіз. Интернет пайдаланушылар өздері байқамай, аттары өзгеше, тартымды топтарға жазылып алады да, ішіндегі мазмұнына мән бермейді. Мысалы, «Ислам жүрегімде», «Исламдағы әйел адамның рөлі», «Ислам және махаббат» деген сынды аттары ешқандай күдік тудырмайтын, алайда, ішкі жазбалары радикалды идеяға толы топтарға жазылатындар көп. Тағы бір мәселе, радикалды идеяны ұстанатындар орыс тілінде де аккаунттар жүргізеді. Сол себепті де, орыс тілді халық үшін діни контентті қос тілде жүргізген абзал. Алдында мынандай бір жағдай болды, «Жусан» операциясы арқылы елге оралған әйел азаматша деструктивті діни ағымға қалай өтіп кеткенін баяндау барысында, осы тіл мәселесін атап өтті. Дінге қызығушылығы басталғанда, материалдарды ғаламтордан орыс тілінде көрген. Ал, ол материалдар біздің дүниетанымыз бен дәстүрімізге жат. Елімізде орыс тілді имамдар жеткіліксіз екені рас. Сондықтан, қазақ тілімен қатар, діни және ұлттық құндылықтарымыз туралы ақпараттарды орыс тілінде де айтып, жазып тұрған жөн.
Сондай-ақ, күні кеше әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтті. Сол жерде де, коронавирус пандемиясының дін саласына салдары атап өтілді.

-Жоғарыда атап өткен топтардың зияны неде? Олардың жазбалары адам санасына қалай әсер етеді?

-Жаңағы топтардың аттары еш күмән тудырмайды. Адамдар жазылғанда ол жерден діни білім аламын деп жазылатыны сөзсіз. Бірақ, ондай аккаунттарды жүргізетіндер радикалды бағытты ұстанғандықтан, жазбалары біздің дәстүріміз мен діни ұстанымдарымызға қарама-қайшы келеді. Мысалы, біз жақында бір эксперимент өткізіп көрдік. Ислам дінін ұстанатын қыздың аккаунтын ашып, ішіне беті жабық, хиджап киген суреттерді салып қойдық. Кейін осы аккаунттың атынан әртүрлі күмәнді, діни аккаунттарға жазыла бастадық. Көп уақыт өтпей әртүрлі ер азаматтар бізге жаза бастады. Сөйлесе келе, әртүрлі уағыздар жіберіп, онлайн неке қиюға ұсыныс білдіргендер болды. Басқа қалаға көшуге ұсыныс айтқандарда кездесті. Міне, бұл біз жасаған экспериментте болған жағдай. Ал, шын өмірде, осындай радикалды топ өкілдеріне алданып қалатындар қаншама? Әлеуметтік желіде не оқитыныңызға, қандай ақпарат алып жатқаныңызға абай болыңыздар деп айтатынымыз да осы себепті.

-Не дегенмен де радикалды топ өкілдерінің мақсатты аудиториясы – жастар. Неліктен жастар арасында деструктивті діни бағытқа кіріп кететіндер жиі кездеседі?

-Тұрақсыз әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени жағдайлар жастарды радикалдар мен экстремистер шеңберіне тарту қаупін арттырады. Жастық максимализм мен «бәрін білемін», «мен мықтымын», «өз ақылым өзіме жетеді» деген жас сананың тез шешім қабылдайтындығының да үлкен әсері бар. Менің ойымша, ұлттық және қазақи – тәрбие радикалды бағыттан құтқаратын бірден-бір құрал.

-Интернет пайдаланушыларға радикалдардың құрбаны болмау үшін қандай кеңес айтасыз?

– Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз дінді оқып, Интернетте діни білім алғыңыз келсе, ол үшін тексерілген ресми сайттар мен қауымдастықтарды пайдалануларыңызға кеңес беремін. Күмәнді, тексерілмеген кітіптарды оқымаңыздар. Әлеуметтік желілерден білім алғыңыз келсе, сондай-ақ дінге қатысты кез келген сұрақтарға жауап алу үшін IKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласа аласыздар!

ҚАРЛЫҒАШ ЖҰМАДІЛ
Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының дінтанушы маманы

Басқа жаңалықтар

Back to top button