Елордалық ТЖ департаментінің қызметкерлері тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша ақпараттық акция өткізіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Өрт қаупі кезеңі басталғаннан бері елорда аумағында құрғақ өсімдіктер жануының 68 жағдайы орын алды. Бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есе көп. Бас-аяғы алты гектардан астам жер отқа оранды.
«Көктемде күн жылынған сәттен қала тұрғындары аулаларын, ұйым аумағын және көшелерді тазалауға белсенді кірісті. Осы аптаның өзінде қоқыс пен құрғақ өсімдіктерді өртеудің төрт фактісі анықталды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, тұрғындар тарапынан жасалатын салғырттық алапат өртке әкеп соқтыруы мүмкін», — деп ескертті құтқарушылар.
1-3 мамыр аралығында өтетін акцияның мақсаты — осындай қауіпті жағдайлардың алдын алу, оған жол бермеу.
«Акцияның бірінші күні Төтенше жағдайлар департаменті, Өрт сөндіру қызметінің мамандары, Полиция департаменті, аудандық әкімдік өкілдері және еріктілер қаланың төрт ауданындағы 11 саяжайға барып, дауыс зорайтқыш байланыс арқылы ақпарат таратты және өрт сөндіру машиналарымен 1460 үйді аралап шықты. Аралау барысында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар табыс етілді. Тұрғындардың назарын өрт қауіпсіздігі мәселелеріне аудару үшін Саяжай үйінің әрбір кіре беріс тобында үгіт стикерлері орналастырылды», — деп атап өтті қалалық ТЖД.
Іс-шара барысында тұрмыстық қалдықтарды жағудың екі жағдайы анықталды. Кінәлі азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.