ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) қазақстандық Iteca көрме компанияларымен бірлесіп «Дағдарысты алдын ала болжау және оған дайын болу – қазіргі еңбекті қорғаудың барабар жүйелеріне инвестиция салу» тақырыбында вебинар өткізді, оны өткізу Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орайластырылған. Онлайн-конференция барысында Қазақстанның еңбек саласындағы сарапшылары, Халықаралық еңбек ұйымы (бұдан әрі – ХЕҰ) және Халықаралық еңбек инспекциялары қауымдастығы (бұдан әрі – ХЕИҚ) пандемия жағдайында өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмаудың қазіргі заманғы жүйелерін дамыту мәселелерін талқылады.
Бұл іс-шара KIOSH 2021 – еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі Қазақстандық халықаралық конференциясы мен көрме аясында өтті; олар коронавирустық инфекцияның әлемге ұзатқан теріс әсерінің салдарынан 2022 жылғы 27-29 сәуірге ауыстырылды.
Вебинар жұмысын ашқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Қазақстанда уақытылы қабылданған шаралардың арқасында кәсіпорындардағы қызметкерлер арасында коронавирустық инфекцияның таралу қаупін едәуір төмендетуге қол жеткізілгенін атап өтті.
«Бірінші кезекте, бұл карантин режимін жариялау және барлық жұмыс берушілерге жұмыскерлерді қашықтан жұмыс режиміне көшіру туралы ұсыныс. Мұнда ішкі бақылау шеңберіндегі іс-шараларға ерекше рөл беріледі. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту үшін 2020 жылы еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша заң қабылданды, онда жұмыс берушілерге, қызметкерлерге және еңбек жөніндегі уәкілетті органға еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу және оның жұмыс істеуі жөніндегі талаптар көзделеді. Сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестерді құру мерзімдері заңнамалық түрде бекітілді, олардың міндеттеріне кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуына ішкі бақылауды қамтамасыз ету кіреді», – деді Сарбасов.
Ол сондай-ақ Еңбекмині ҚР Парламентінің қарауына қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын енгізгенін хабарлады.
«Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын жақсарту мәселесінің өзектілігін айта отырып, Үкімет зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын түбегейлі қысқарту, өндірістік жарақаттануды азайту міндетін қойып отыр. Осыған байланысты 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы (бұдан әрі – жол картасы) іске асырылуда. Бұдан басқа, Үкіметтің тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеуде. Құжатта әлеуметтік әріптестік тараптарының еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін құруға белсенді қатысуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар көзделетін болады», – деп толықтырды вице-министр.
Сарбасовтың айтуынша, жыл сайын Қазақстан кәсіпорындарында 1300-ден астам қызметкер жарақат алады, оның ішінде 200-ге жуық адам қайтыс болады. Жол картасы жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді, өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайтуға, тиісті мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған еңбек қауіпсіздігі саласындағы жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды оңтайландыру жөніндегі шаралар кешенін көздейді.
Спикер еңбекті қорғауды басқару жүйесін жетілдіру мақсатында 2020 жылы заңнамаға және қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді регламенттейтін 8 НҚА енгізілген түзетулер туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Бұдан басқа, кәсіптік тәуекелдерді басқару мәселелерін регламенттейтін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша 4 жаңа нормативтік құқықтық акт әзірленіп, бекітілді, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 6 НҚА-ға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өндірістік орта факторларының зияндылығы мен қауіптілігі, еңбек процесінің ауырлығы мен қауырттылығы көрсеткіштері бойынша еңбек жағдайларын бағалау мен жіктеудің гигиеналық критерийлері өзектендірілді.
«Еліміздің кәсіпорындарында «Халықтық бақылау» жобасын енгізу жұмыстары жалғасуда. Өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру үшін кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 15 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылды, онда 17 мыңнан астам техникалық инспектор еңбек жағдайларының жай-күйіне ішкі бақылауды жүзеге асырады. Еліміздің 2796 кәсіпорнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша стандарттар енгізілді (OHSAS 18001, ХЕҰ-ЕҚБЖ)», – деді Ақмәди Сарбасов
Вице-министр сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін жалпы бағалау және аттестаттау нәтижелері бойынша еңбекті қорғау жөніндегі шаралар кешенін өткізу мақсатында 2020 жылы 3397 өндірістік объект аттестатталғанын хабарлады. Анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін мемлекеттік еңбек инспекторлары 207 лауазымды адамды атқарып отырған лауазымынан босатты, еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша Мемлекеттік еңбек инспекторлары құқық қорғау органдарына 1234 материал жіберді, олар бойынша 173 қылмыстық іс қозғалды.
«Ағымдағы жылғы 12 наурызда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия отырысында республикалық кәсіподақтар бірлестіктерінің белсенді қатысуымен 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім жасалды. Құжаттың негізгі мақсаты лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету болып табылады, бұл толық жұмыспен қамтылған кезде жақсы өндірістік, әлеуметтік-еңбек және қауіпсіз жағдайлардағы, ақысы лайықты, жұмыскер қанағаттанатын, өзінің қабілеті мен шеберлігін көрсетуге мүмкіндік беретін жоғары тиімді еңбекті білдіреді», – деп хабарлады Сарбасов.
Бұдан басқа, 2019 жылғы 17 маусымда Женева қаласында Еңбекмині Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Бүгінгі таңда еліміздің 216 кәсіпорны осы Тұжырымдаманы қолдады.
«Жалпы, қабылданған шаралар Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Мәселен, соңғы 5 жылда (2016-2020 жж.) өндірісте зардап шеккендер саны 10,7% – ға (1683 адамнан 1503 адамға дейін) азайды, оның ішінде қаза болғандар саны 16,2% – ға (248 адамнан 208 адамға дейін) азайды. Жоғарыда аталған барлық іс – шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай: жазатайым оқиғалардың жиілігі коэффициентін 1000 жұмысшыға шаққанда 0,20 – ға дейін төмендету (2020 ж. – 0,23); зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің үлес салмағын 20% – ға дейін қысқарту (2019 ж. – 22,3%) күтілуде», – деп түйіндеді вице-министр.
Вебинар барысында РФ Еңбек және жұмыспен қамту Федералды қызметі басшысының орынбасары, ХЕИҚ вице-президенті Иван Шкловец сөз сөйледі, ол пандемиямен күрестегі еңбек инспекцияларының рөлі туралы айтты.
ХЕҰ-ның Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Талғат Өміржанов «Дағдарысты алдын ала болжау және оған дайын болу-қазір еңбекті қорғаудың барабар жүйелеріне инвестициялау» тақырыбында баяндама жасады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева еңбекті қорғау жүйесін жетілдірудегі кәсіподақтардың рөлі туралы хабардар етті.
Естеріңізге сала кетейік, ХЕҰ мәліметтері бойынша әлемде жыл сайын 2 миллионнан астам қызметкер өндірісте немесе еңбек қызметі нәтижесінде қайтыс болады. Экономикалық шығындар әлемдік экономиканың жалпы ішкі өнімінің 4% – ына жетеді және ақшалай алғанда 1,25 триллион АҚШ долларынан асады