Жаңалықтар

Абай облысында «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» экспозициялық кітап көрмесі өтті

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» тақырыбындағы кең көлемді экспозициялық кітап көрмесінің таныстырылымы өтті. Сегіз бөлімнен тұратын көрмеде соғыс жылдарының сырын шертетін тарихи деректер, әдеби-көркем туындылар мен сирек кездесетін басылымдар ұсынылған.

– Бүгінгі көрме – батырлық пен ерліктің мәңгілік ескерткіші. Бұл – ұлы тарихымызды жаңғыртып, елге қорған болған ерлеріміздің рухын жас ұрпаққа жеткізудің тағылымды жолы. Әсіресе жас буынға ел тарихын таныту, патриоттық сана қалыптастыру тұрғысынан мұндай шаралардың маңызы зор.  Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі баспасөздің де ерекше рөл атқарғаны атап өткім келеді. Сол жылдары жарияланған майдандық газеттер мен ақпарат құралдары сарбаздарға рух беріп, ел ішіндегі бірлікті сақтауға ықпал етті. Бұл басылымдар тек ақпарат көзі ғана емес, халықтың үмітін жалғаған рухани тірек болды. Біз бұл көрме арқылы ұрпақтар сабақтастығын, отанға деген шексіз сүйіспеншілікті, тарихқа құрметті нығайтамыз, – деп атап өтті Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының сирек басылымдар бөлімінің басшысы Жаңылгүл Әділбекқызы.

Көрме «Қаһарлы күндер жылнамасы», «Өнегелі өмір сериясы: Ұлы Отан соғысына қатысушылар», «Соғыс тақырыбы көркем әдебиетте», «Ұлы Жеңіс жырлары», «Отты жылдар әуендері», «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кітапхана», «Соғыс бейнелеу өнері», «ҰОС мерзімді баспасөз беттерінде» деп аталатын бөлімдерден тұрды. Іс-шара барысында қатысушылар ардагерлердің естеліктеріне, майдангер жазушылардың мақалаларына ерекше қызығушылық танытты. Көрмеде майданда болған 125 қазақ жазушысының, оның ішінде Бауыржан Момышұлы, Әди Шәріпов, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов пен Қасым Аманжоловтың ерлігі мен шығармашылығы туралы деректер ұсынылды.

Бүгін біз Жеңістің 80-жылдығына арналған тарихи көрмеге қатысып, халқымыздың сол бір қиын-қыстау жылдары бастан кешкен ауыр тағдырын, ерлік пен төзімге толы кезеңдерін жан-жақты ұғынып, тереңірек таныстық. Көрме өте әсерлі әрі мазмұнды деңгейде ұйымдастырылған. Осындай тағылымы мол шараға қатысу – бізге тек тарихи деректермен танысу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар өткеннің өнегесін бойымызға сіңірудің бірегей жолы болды, – деп өз әсерімен бөлісті М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Алинур Серіков.

Көрме жыл бойы жалғасып, оқырмандарға Ұлы Жеңістің тарихи маңызын, майдангерлердің ерлігі мен рухани мұрасын таныстырмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button