Павлодарда 109 орталығына түсетін қоңыраулар саны күрт артты
Өңірдегі карантиндік шектеулердің күшейтілуіне байланысты орталыққа хабарласып жатқан тұрғындар саны артқан.
Бұл туралы 109 бірыңғай байланыс орталығының директоры Абзал Қабдраш айтты.
– Орталығымыз облысымыздағы енгізілген карантиндік шектеулерге қатысты консультациялық жұмыстар жасауда. Бұндай жұмыспен алғаш рет жолығып отырған жоқпыз. Пандемия басталған кезде наурыз, сәуір, мамыр айларында да дәл осындай жұмысты атқардық. Шектеулердің басым бөлігі бізге таныс. Халыққа түсіндіру бойынша операторларымыз аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат жұмыс жасап жатыр. Шектеу шараларының күшейуіне байланысты келіп түскен қоңыраулар ағыны 2 есе өсті десек те болады. Осыған дейін орташа есеппен күіне 800-1000 қоңырау қабылдасақ, қазір тәулігіне 2000-нан асты, – деді Абзал Қабдраш.
Операторлар хабарласқандарға блок бекеттерден өту, кімге рұқсат беріледі, кімге рұқсат жоқ, құжаттарды қайдан алу керек, pvlinfo.kz сайтына қалай тіркелуге болады деген сияқты мәселелерді операторлар түсіндіріп айтып береді.
Сондай-ақ қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты, ШОБ жұмыс кестесі халық тарапынан қойылатын сұрақтардың алдыңғы қатарында.
Орталық директорының айтуынша, коммуналдық саладағы сұрақтар да жоқ емес. Соңғы күндері ауа райы бұзылып, жауын жауып, жел соғуына байланысты қаланың кейбір жерлерінде жарық өшіп, кейбір көпқабатты үйлерде салқын және ыстық су тоқтап қалған жағдайлар болған. Мұндай кезде орталық шұғыл тұрде апаттық топтарға хабарды жеткізіп, жылдам ретке келтіру бойынша бірге жұмыс істейді.
Айта кетейік, 109 орталығында 40 маман жұмылдырылған.
– Осы сәтті пайдаланып, павлодарлықтарға айтайын дегенім, егер қандай да бір шектеулер қабылданса, бұл уақытша. Сондықтан түсіністікпен қарауға шақырамын. Шектеу шараларын түсінбей жатқан жағдайда қабылданған қаулының соңғы нұсқасын қолға алып, қарап шыққан жөн. Егер сонда да түсініксіз жерлері болса, 109 орталығы көмек беруге дайын, – деді Абзал Қабдраш.
109 орталығына қоңырау шалудан басқа, байланыстың бірнеше түрі бар:
1. Қалалық және мобильді телефоннан тегін 109 нөмірі
2 Чат-бот Telegram: https://t.me/pavlodar_109_user_bot
3 Портал: pavlodar.komek109.kz
4. +7 (747) 7 901 109 Whatsapp нөмірі бойынша смс жіберу
5. Direct instagram: 109.pavlodar
6. Электрондық адрес contact@pavlodar109.kz
7. Көмек-109 мобильді қосымшасы