Таланттарды анықтау және қолдау орталығы ашылды
Атырау облыстық білім беру басқармасының «Таланттарды анықтау және қолдау орталығы» жұмысын бастады.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиевтің айтуынша, жаңадан құрылған мемлекеттік мекеме бұған дейін жасалған жұмыстарды алға қарай жаңа бағытпен жалғастырып, оқушылардың дарыны мен талантын анықтау және қолдау жұмыстарын жүргізеді және дамытады.
«Орталықтың ашылуы Атырау жұртшылығы, әсіресе оқушылар мен ата-аналар үшін көптен күткен қуаныш болды. Болашақта оқушыларымыз осы орталық арқылы қабілетіне қарай дарыны мен талантын жетілдірсе, бұл өңірдің ғана емес, еліміздің де абыройын асқақтатыны сөзсіз. Мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаты — дарынды балалардың және басқа да мүдделі тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз ету. Мамандар осы бағытта жұмыс істеп, ел қуантарлық нәтиже көрсететініне сеніміміз мол», – деді басқарма басшысы.
Орталық дарынды балалармен жұмысты жоспарлау, таланттыларды анықтап, оларды педагогикалық-психологиялық сүйемелдеу сынды қызмет түрлерін жүзеге асырады. Сондай-ақ, республикалық, халықаралық деңгейлердегі жалпы білім беретін пәндер бойынша зияткерлік іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу де орталық міндетіне жатады.
Айта кетерлігі, «Таланттарды анықтау және қолдау орталығы» 2012 жылдан бастап Атырау облысы Білім беру басқармасының әдістемелік орталығынан ашылған «Дарын» бөлімі ретінде жұмыс істеп келген.
Айта кетейік, «Таланттарды анықтау және қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Әбілхайыр Хан даңғылы, 58 мекенжайында орналасқан.