Қоғамдық көліктер күнде тексеріледі

Қостанайлық автобус жүргізушілері және жолаушылар карантиндік шараларды қалай сақтайтынын мониторингтік топ анықтауда. Енді қоғамдық көліктерді тексеру күн сайын жүргізіледі.
Қоғамдық көліктер, тамақтану орындары, жалға алынған коттедждер, моншалар мен сауналар жіті қадағаланатын болады.
«Бұрын карантин шарттарының жиі кездесетін заң бұзушылықтарының ішінде дүкендерде талаптардың сақталмауы болды, сатушылар қолғапсыз болды … бүгінде мұндай заң бұзушылықтар аз. Дегенмен, адамдар үйлену тойларын, беташар, құдалықты өткізуде. Бұқаралық іс – шараларға баса назар аударатын боламыз», – деп атап өтті Қостанай облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Сәуле Нұрпейісова.
Қазір қалада 91 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар нысандарды күндіз де, түнде де тексеруге ниетті. Рейдтерге қажеттілік карантиндік шараларды күшейтуге негізделген.