11Қоғам

Аралда екі балық цехы ашылды

Арал ауданындағы Ақбасты елді мекенінде 2 балық цехы ашылды. Бірі балықты сақтайды, енді бірі су маржанын өңдейді. Ауыл тұрғындары осыған дейін теңізден аулаған балықты арзан бағада делдалдарға өткізіп келсе, енді өздері өңдеп, нарыққа дайын тауарды шығарады.

100 тонна балықты сақтайтын цехты кәсіпкер Жандос Құлманов өз қаражатына салды. Мұнда келген балық алдымен жуылып, тазартылады. Онан соң қатырылып, қорапқа салынады. Яғни, балық ұзақ мерзімге жарамды. Кәсіпкердің теңізде балық аулайтын арнайы бір учаскесі бар. Онда 50 балықшы су маржанын аулайды, цехта 20 адам жұмыс істейді.

Ал Көкарал балық өңдеу цехында су маржаны терең өңделеді. Бұл цехтың басты ерекшелігі, көпшілік бағаламайтын майда шабақтарды кәдеге жаратады. Яғни, ет тартқыштан өткізіп, фарш дайындайды. Ал ірі балықты қақтап, нарыққа шығарады. Сондай-ақ, цехта бұқтырылған балықтан арнайы консервіленген өнім әзірленуде. Шабақ балықтарға түрлі дәмдеуіштер қосылып, ыстық суға қайнатылады, банкіге басылады. Жасалу технологиясы қарапайым, бірақ дәмі ерекше, сақталу мерзімі ұзақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button