08Мәдениет

Жаңа ғимаратқа көшті

Елімізде жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін мүгедектер күні қарсаңында Таразда мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті.

Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты. Ол жаңа ғимаратты аралап, орталықтың тәрбиеленушілерін және олардың ата-аналарын әңгімеге тартты.

Бұған дейін мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ыңғайластырылған әкімшілік ғимаратта орналасқан болатын. Орталық директоры Марал Шлыкова педагогтардың балалармен ынғайсыз жағдайда жұмыс істегенін жеткізді.

Бірнеше жыл бойы бос тұрған ескі ғимаратты қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 170 млн теңге бөлінді.

Егер бұрын орталықта 40 тәрбиеленуші оқи алатын болса, енді олардың саны 68-ге дейін артады.

Бірінші қабат оқу кабинеттерінен басталады, сонымен қатар, сенсорлық бөлме, Монтессори, емдік дене шынықтыру, массаж, физиотерапия, еңбек кабинеттері, акт залы, асхана бар. Барлық бөлмелер түрлі-түсті дизайнмен безендірілген. Балалардың үш қабатты ғимараттағы ыңғайлы қозғалысы үшін лифт орнатылған.

Балалармен дефектолог, логопед, психолог тұрақты жұмыс жасайды. Мұнда реабилитациялық көмектің бірнеше түрі қамтылған: емдік дене шынықтыру мен массаждан басқа, ортопедиялық үстелдердегі жаттығулар, тренажер-вертикализаторлар, үлкен құрғақ бассейн, физиотерапия жабдықтары. Орталық аумағында балалар мен спорт алаңдары салынған.

Салтанатты іс-шараның қонақтары үшін орталық тәрбиеленушілері концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Балалар бірнеше күн бойы би нөмірлерін дайындап, ән үйренген. Олар көрермендерге әсерлі көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстарынан көрме әзірленген.

«Ажур» шығармашылық студиясында жобалар қолға алынуда десек, ол бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарындағы әйелдерге тоқу дағдылары тегін үйретілуде. Студия сонымен қатар тұрақты түрде еріктілікпен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар жүннен бұйымдарды тоқып, оларды әлеуметтік мекемелерге тапсырады. Бұл туралы студия жетекшісі Дилафруз Махмадулоева айтып берді.

Жеке кәсіпкер Анар Бексұлтанованы облыс тұрғындары жақсы таниды. Ол өз ісін ашып, тапсырыс бойынша қазақ келіндерінің жасауын дайындайды. Туғаннан екі қолы жоқ ол аяқпен тігін тігіп, өзге де барлық жұмыстарды атқара береді. Анар Бексұлтанова шеберлігінің сырымен бөлісіп, ерекше қажеттілігі бар әйелдерді жұмыспен қамтамасыз етуде.

Севара Нурматова өзінің “Джами” шеберханасының өнімдерін, әсіресе, ұлттық стильдегі сувенирлерді, түрлі материалдардан жасалған әйелдер сөмкелерін мақтанышпен көрсетті.

«Айналайын» ҚБ директоры Айгүл Разақова тігін және пішу негіздерін үйрететін шеберхананың жұмысы туралы баяндады.

№23 орта мектептің оқушысы Умидахон Ахунджанова да өзінің өнерін көрсетті. Ол өзінің өлеңдерімен ерекше адамдарды үрей мен өзіне деген сенімсіздіктен арылуға, өмірді сүюге шақырды. Оның туындылары тыңдаушылардың жүрегін тебірентті.

«Сіздердің көпшілігіңіз жас болсаңыздар да үлкен ерліктің үлгісісіздер. Сіздер адамдарды қиындықтарды жеңуге және мақсатқа жетуге үндейсіздер. Умидахон өмірдің ең үлкен құндылық екенін тағы бір рет еске түсірді», – деді облыс әкімі жиналғандарға.

Ол мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылдағанын атап өтті.

«Облысымызда 46 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрады, оның алты мыңнан астамы балалар. Оларды жұмыспен, дәрі-дәрмекпен, әлеуметтік көмекпен және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруымен қамтамасыз етудің кешенді әдісі әзірленді. Біздің алдымызда әр аудан орталығы мен қалада мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге арналған оңалту орталығын ашу міндеті тұр. «Атлетик» спорт кешенін кеңейту, иппотерапияны дамыту жоспарлаланып отыр», – деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ, соңғы төрт жыл ішінде Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов аудандарында мүгедек балаларды оңалту орталықтары, шағын үйлер мен жартылай стационарлар ашылғанын айтып өту керек. Ал, 2021 жылы Талас ауданы Қаратау қаласында мүгедек балаларға арналған 25 орындық оңалту орталығын ашу жоспарлануда.

Салтанатты шара мәжіліс залындағы кездесуге ұласты.

«Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға, соның ішінде балаларға протездік және ортопедиялық бұйымдар, коляскалар және басқа да жабдықтар беріледі. Олардың сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Ерекше жандарды одан әрі әлеуметтендіру үшін тиісті жағдайлар жасалуда», – деп қосып өтті облыс әкімі.

“Асар” мүгедектер ұйымы одағының төрағасы Руслан Төлегенов, жас ғалым Исаак Мустопуло, кәсіпкер Анар Бексұлтанова, мүгедектер арбасындағы би бойынша чемпион Талғат Аманбеков, паратаеквондодан екі рет әлем чемпионы Өмірәлі Нышан өз жетістіктері туралы әңгімеледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button