Қызылорда облысында биыл аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы іс-шараларды атқаруға 729,5 млн теңге бөлінді. Қазір қосымша 255,1 млн қаржы қаралды. Сонымен қатар 6 түрлі энзоотиялық ауруларға қарсы ветеринариялық препараттар сатып алуға 215,8 млн. теңге бөлініп, алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы өткен брифингте Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов мәлімдеді.
«Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында ауру ошақтарын болдырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға республикалық бюджет есебінен қаралған 5544,3 мың доза ветеринариялық препараттың 5524,6 мың дозасы немесе 99,6% уақытылы тасымалданып жеткізілді. Жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін барлығы 15033 бас қаңғыбас иттер мен мысықтар ауланды»- деді Ерсұлтан Амантайұлы.
Өңірдегі жануарларды бірдейлендіру дерекқор базасына 356,6 мың бас мүйізді ірі қара, 806,4 мың бас уақ мал, 53,9 мың бас түйе, 155,9 мың бас жылқы, 2 мың бас шошқа, 801 бас тақтұяқтылар тіркелген. Сондай-ақ бүгінде 57,2-і мың бас мүйізді ірі қара , 245,3 мың бас уақ мал, 16,5 мың бас жылқы, 8,1 мың бас түйе, 962 бас шошқа, 32 бас тақтұяқтылар бірдейлендіріліп, дерекқор жүйесіне енгізілді.