Жаңалықтар

Ұлытауда Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық Кеңесінің отырысы өтті

 

Бүгін облыс әкімдігінде Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық Кеңесінің отырысы өтіп, оған этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Жиынды Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы Рыспеков жүргізді.
Жиынды ашқан Дастан Адайұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы шешуші рөлін атап өтті. Ол өз сөзінде:
– Бүгінгі таңда әрқайсымыз үшін бейбітшілік пен келісімді сақтау, қолымызда барды қадағалап отыру бұрынғыдан да маңызды. Ал бізде бар ең бастысы – тұрақтылық, өзара түсіністік және басымыздағы бейбіт аспан. Халық бірлігі – біздің басты байлығымыз әрі табысты болашақтың кепілі.
Жиын барысында ассамблея құрылымдарының бүгінгі жұмысы, этносаралық қарым-қатынасты нығайту, жастар бастамаларын қолдау және өңірдегі этномәдени әралуандылықты дамыту бағытындағы жобаларға кеңінен тоқталған Ұлытау облысы әкімдігінің «Қоғамдық Келісім» мекемесінің директоры Сейтжанова Гүлбану Орынбасарқызының баяндамасы тыңдалды.
ҚХА мүшелері Татьяна Ивановна Хмилярчук пен Александр Сергеевич Ким де қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Олар мәдени мұраны сақтаудың, жастар арасында әртүрлі халықтардың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауды тәрбиелеудің маңыздылығын, қазіргі жағдайда қоғамды біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Жиын «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медальдарын салтанатты түрде тапсырумен аяқталды. Бұл жоғары награда қоғам өкілдеріне қоғамдық-саяси тұрақтылықты, этносаралық келісімді нығайтуға қосқан ерекше үлесі және ҚХА қызметіне белсенді қатысқаны үшін берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button