Шығыс Қазақстанда екі әуежайдың құрылысы басталды

Ішкі туристік және логистикалық маршруттарды дамыту – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында атап өткен басым бағыттардың бірі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Катонқарағай аудандарында әуежайлар салуды тапсырды. Бұл туристік тартымдылығы жоғары өңірлерде әуежайлар салу – олардың әлеуетін дамыту мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға жасалған үлкен қадам. Құрылыстың барысымен Шығыс Қазақстанға жұмыс сапары барысында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев танысты.
Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, білікті мердігер ұйымдар тартылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталып, желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Жоба «Қазаэронавигация» РМК қаражаты есебінен қаржыландырылып, жол және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Атап өту керек, құрылыс жұмыстары кезеңінде-ақ жаңа әуежайлар жұмыс орындарын ашу, жергілікті өндіріс материалдарын пайдалану, қазақстандық құрамды ұлғайту сияқты экономикалық әсер береді. Өңірде ұшу-қону жолақтары мен әуе айлағы инфрақұрылымының басқа да элементтерін салу және қайта жаңарту бойынша тәжірибесі мол компаниялар бар.
Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, екі әуежайдың салынуы туризм мен экономиканың басқа салаларының дамуына үлкен мүмкіндіктер ашады. Жаңа әуе айлағы көліктік-логистикалық хабқа айналып, бірден бірнеше ауданды облыс орталығымен байланыстырады. Бұл жүк және жолаушылар тасымалының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тауар айналымын арттырады, жергілікті бизнесті дамытып, экономиканың өсуі мен халықтың өмір сапасының жақсаруына ықпал етеді.
– Жаңа жұмыс орындары ашылып, әуежай туристер ағынын арттырады. Бұл тек елімізден ғана емес, шетелден де туристерді тартуға мүмкіндік береді. Осылайша, жаңа туристік брендтерді дамытуға жол ашылады. Зайсан ауданы – Қазақстанның қақпасы, ал Катонқарағай ауданы – пантоемдеу және дәстүрлі қазақ медицинасы дамыған өңір. Мұнда қонақ үйлер, атпен серуендеу, дәстүрлі ауыл тағамдары ұсынылатын агротуризм қарқын алуда. Бұдан бөлек, мұнда тау шаңғысы курортын да құруға болады, өйткені әуежай жабық жолдар сияқты қолайсыздықтарды жояды, ал заманауи жабдық кез келген дерлік ауа райы жағдайында рейстерді қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Катонқарағай ауданында әуежай Белқарағай мен Өрнек ауылдарының арасында, «Өскемен – Рахман қайнары» автожолы маңында салынады. Катонқарағай ауылынан 25 км, Үлкен Нарын ауылынан 62 км қашықтықта орналасады. Ал Зайсан ауданында әуежай бұрынғы Сатпай әскери аэродромының орнында, «Омбы – Майқапшағай» тас жолына жақын жерде салынады. Ол Зайсан қаласынан 25 км, Ақжар ауылынан 85 км қашықтықта орналасады.
– Келесі туристік маусымға дейін Зайсан және Катонқарағай аудандарындағы әуежайлар алғашқы рейстерді қабылдауға дайын болуы тиіс, – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Құрылыстың бастапқы кезеңінде әуежайларда ұзындығы 2200 метр, ені 45 метр ұшу-қону жолақтары салынады. Бұл Q400, ATR 42/72, CRJ200 ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік береді. Осылайша, Шығыс Қазақстанда Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай аудандары мен Үлкен Нарын аймағы әуе қатынасымен қамтылады. Астана, Алматы, Өскемен және Семейге ішкі рейстер, сондай-ақ Қытай мен Ресейге халықаралық бағыттар ашу жоспарлануда. Бұл тек Катонқарағай ғана емес, жақын маңдағы аудандарға да экономикалық әсерін тигізеді.
– Саратовка колледжінде келесі оқу жылынан бастап авиация саласы бойынша мамандарды даярлау басталады. Олар тәжірибеден Шығыс Қазақстандағы тікұшақ отряды базасында өтеді. Біздің міндетіміз – жаңа әуежайларды жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету, – деп атап өтті өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.