ШҚО-да мұғалімдердің жалақысы 4 жылда екі есе өсті

Шығыс Қазақстан облысындағы білім беру ұйымдарында ондаған заманауи кабинет ашылып, оқушыларға тегін тамақ ұйымдастырылды, мұғалімдердің жалақысы көбейіп, асханалар жаңғыртылды. Мектептердегі осы және өзге де жаңалықтар туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев айтып берді.
2020 жылдан бастап өңірде мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен 25%-ға өсіп отырды. Сонымен қатар біліктілік санаты үшін үстемеақылар 30-50%-ға артты. Нәтижесінде 2023 жылға қарай педагогтардың еңбекақысы екі есеге өсті.
Сол жылдың қыркүйегінде мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері қосымша 30%-дық үстемеақы алды. Ал өндірістен шақырылған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтеріне жалақыны 30-35%-ға арттырды.
2025 жылы елеулі өсім жоспарланбағанымен, кейбір үстемеақылар айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты ұлғаймақ.
Қазіргі уақытта педагогтердің жалақысы оқу жүктемесіне, біліктілік деңгейіне, еңбек өтіліне және заңнамада қарастырылған түрлі қосымша төлемдерге байланысты есептеледі. Ал мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің еңбекақысы білім деңгейіне, біліктілігіне, еңбек өтіліне, жұмыс көлеміне және үстемеақылардың болуына қарай анықталады.
Облыстағы 343 мектептің барлығында тамақтандыру ұйымдастырылған. Оның ішінде 324 мектепте – ыстық тамақ, 20 мектепте – буфеттік тамақ беріледі.
– Барлық бастауыш сынып оқушылары (40 818 бала) мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 7 969 бала тегін тамақпен қамтылған. Бұл мақсатқа биыл 6,1 миллиард теңге бөлінді, – деді Ербол Нұрғалиев.
Жаңа оқу жылынан бастап әр мектепте тамақ сапасын бақылау үшін бракераждық комиссиялар құрылды. Олардың құрамына қамқоршылық кеңестердің, ата-аналар комитеттерінің, мектеп әкімшілігінің өкілдері мен медицина қызметкерлері кіреді.
Бұдан бөлек барлық қала мен аудан білім бөлімдерінде және облыстық білім басқармасында оқу жылында мектеп асханаларын бақылау бойынша ведомствоаралық сараптамалық топтар құрылды. Олардың құрамына білім басқармасының өкілдері, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер мен депутаттар, «AMANAT» партиясының мүшелері және үкіметтік емес ұйым өкілдері кіреді.
Аймақтағы 31 мектеп асханасы жаңғыртылып, оған 53,6 миллион теңге жұмсалды.
Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 50 мектеп жаңғыртылды. Оның ішінде шағын қалалардағы 2 мектеп, аудан орталықтарындағы 11 мектеп және ауылдық жерлердегі 37 мектеп бар.
Бұл мақсатқа 2,1 миллиард теңге бөлінді. Үш мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп (770 миллион теңгеден астам), 39 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді (880 миллион теңгеден астам).
Жаңа жиһаз бен жабдықтар сатып алуға 80 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оның ішінде сынып тақталары, орындықтар, үстелдер, технология кабинеті үшін тігін машиналары, жалюзи, көпфункционалды принтерлер және спорттық тауарлар бар.
Кітапханаларды жаңғыртуға 21 миллион теңгеден астам, асханаларды жаңартуға 53 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шамамен 54 миллион теңге бағытталды. Оның ішінде бейнебақылау жүйелері, дыбыстық хабарландыру жүйелері, дабыл түймелері, ескерту құрылғылары және өрт қауіпсіздігі құралдарын орнату қарастырылған.
Сондай-ақ 22 мектепте жаңа үлгідегі 24 пән кабинеті жабдықталды. Олардың ішінде 3 химия кабинеті, 6 физика кабинеті, 5 биология кабинеті, 4 робототехника кабинеті және 6 STEM кабинеті бар. Бұл мақсатқа 250 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Облыс мектептерінде жаңа үлгідегі 45 пән кабинеті ашылды. Олар интерактивті тақталармен, мультимедиялық проекторлармен, зертханалық құрал-жабдықтармен және заманауи компьютерлермен жабдықталған. Сондай-ақ оқушыларға цифрлық оқулықтар мен білім беру платформаларына қол жеткізу мүмкіндігі берілген.
Модернизацияның негізгі мақсаты – білім беру мен технологиялық жағдайларды жақсарту арқылы білім сапасын арттыру, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру және оқушыларды цифрлық әлемге дайындау.