Жаңалықтар

ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА «РУХАНИЯТ ОРТАЛЫҒЫ» АШЫЛДЫ

 

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданында «Руханият орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.Мерекелік іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.

Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға, игі бастамаларға тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» – деген болатын. Былтыр өңірімізде «Руханият жылы» жарияланып, атаулы жыл аясында мәдени-көпшілік шаралармен бірге ауқымды жобаларды да жүзеге асырдық. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер» орталығы пайдалануға беріліп, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. «Самұрық қазына траст» қорымен бірге “Үстел теннисі орталығын”, «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі “Оқушылар сарайын” ел игілігіне табыстадық. Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Шығармашылық академиясы», “Орталық стадион” салынуда. Жаңа нысандар биыл мамыр айында іске қосылады.
“Руханият орталығы – бірліктің ордасы» рухани қазынамызды толықтыратын, жұртшылыққа қуаныш сыйлайтын орынға айналсын. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақ болғай! Ел іргесі бекем, қуаныш құтты болсын!»,- деді Н.Нәлібаев.

Жиында Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, «Айғақ» телерадиокомпаниясының бас директоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Дулатбек Әбіш жиналған қауымды құттықтады. Қоғам қайраткері, Нәжмадин Мұсабаев ақ батасын беріп, ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.

Айта кетейік, биыл – Қызылорда тарихындағы маңызды жыл. Осыдан бір ғасыр бұрын мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығып, Кеңестердің Бүкілқазақстандық бесінші съезінде «Киргиз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» атауы «Қазақ автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» деп өзгертілген. Ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауы қайтарылып, республика астанасы Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданған. Еліміздің алғашқы Үкімет басшылығы, басқару институттары осы жерде қалыптасып, нығайды. Алғашқы өнер, білім мекемелері ашылып, әсем ғимараттар бой көтерді.
Биыл ұлт театрының іргетасы қаланған Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының құрылғанына 70 жыл толады. Кәсіби өнер ұжымы осы жылдары
300-ден астам қойылымды сахналаған. Республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындар иеленген.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button