17Қоғам

Карантин талаптарына бағынғысы келмейтін шымкенттіктерге ескерту жасалды

Шымкент тұрғындары карантин талаптарына бағынғысы келмейтіні анықталды. Қаладағы қоғамдық тамақтану орындары мен дүкендерге, моншаларды аралап көрген мамандар бірқатар бұзушылықтарға көз жеткізді.

Қаратау аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандарынан құрылған мониторингілік топ дәмханаларды аралап, онда келушілер мен қызметшілер бетпердесіз жүргенін анықтады. Сондай-ақ қызмет көрсетуші әкімшілер арнайы киім кимеген. Мекеме қожайындарына ескерту жасалды.

Қаланың орталығында орналасқан «Нұрсәт» мөлтек ауданындағы дүкендерде келушілер де маскасыз сауда жасап жүргені белгілі болды. Сондай-ақ, сауда нысандарына кіреберісте антисептик сұйықтықтары қойылмаған, тазалық талаптары да сақталмаған. Ал, кейбір нысандарда адамдардың дене қызуын өлшейтін құралдар жоқ болып шықты.

Мониторингілік топ мүшелері бұл жолғы тексеру барысында кәсіпкерлерге ескерту жасаумен шектелді. Оларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, карантин талаптарын сақтау керектігін айтты.

«Кәсіпкерлік нысандарда кемшіліктер жоқ емес, бар. Ең жиі кездесетін кемшіліктер қатарында бетперде тақпау мен бірреттік қолғап кимеу болып отыр. «Күн ыстық, құлағымызды қиып кетеді» деп жауап беруде. Бірақ соған қарамастан, барлық азаматтар санитарлық талаптарды сақтау керек. Ондай азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ендігі жолы сол кемшіліктер қайталанатын болса, оларға қатысты 462-баптың 3-тармағымен әкімшілік хаттама толтырылатын болады. Сөйтіп материалдар сотқа өткізіледі»,- деді Шымкент қаласы Қаратау аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Пернеева.

Дереккөз:inform.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button