«Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы ұжымымен кездесу өтті
Бүгін AMANAT партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісіне кандидат Дүйсенбай Тұрғанов пен партияның облыстық филиалы төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Абдолла Идресов «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы ұжымымен кездесу өткізді. Жиында сайлауалды бағдарлама таныстырылып, өзекті тақырыптарға қатысты ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Қазіргі қоғамды алаңдатып отырған маңызды тақырыптың бірі – азық-түлік бағасының шарықтауы. Тапқаны асынан аспайтын отбасылар үшін бұл өсу қалталарына салмақ түсіруде. Облыста егін өсіруге қолайсыз, бірақ, мал шаруашылығы дамып келеді дегенімізбен, баға тоқтар емес. Қандай жұмыстар жүргізу қажет? Осы сауалға жауап ұсынған Дүйсенбай Нұрбайұлы: «Азық-түлік бағасының өсуі өндіруші мен тұтынушылар арасындағы делдалдарға қатысты. Сондықтан, оларды қадағалап, бір ізге салу қажет. Осындай шаралар қабылданса, отандық өнім санын арттырсақ, бағаны тұрақтандыру бағытында нақты нәтижеге жетуге жол ашылады» деді.
Сайлауалды бағдарламада халықтың тұрмысын жақсартуға баса мән берілген. Мәселен, қазіргі таңда облыста 112 апатты үйлер бар. Аталған проблема AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында нақты көрсетілген. Яғни, стратегиялық құжатта олардың қашан сүрілетіні немесе күрделі жөндеу жүргізілетіні анық жазылған. Бұған қоса, 2027 жылға дейін барлық қаржыландыру көздері есебінен 1731,4 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда.
Атыраудың экологиялық ахуалы, Жайық өзенінің жағдайы – қазіргі тұрғындар үшін ғана емес, ұрпақ үшін аса маңызды мәселе екені жиналғандар тарапынан айтылды. «Кеше Махамбет ауданында болғанда да бұл мәселе көтерілді. Мәжіліс депутаты ретіндегі жұмысымды 2021 жылдың қаңтарында Жайық туралы депутаттық сауал жолдаудан бастадым. Шақырылым таратылғанға дейін 4 сауал жолдап, алған жауаптарға қанағаттанған жоқпын. Жалпы, бұл бағыттағы іс-қимылдар жасалуда, жалғасып та жатыр. Былтыр су келді. Арналар суға толды. Алайда, бұл нақты іс-қимылдардың нәтижесі емес. Ресейдегі бір бөгет бұзылып, соның салдарынан бізге су келді» деген Мәжіліс депутаттығына кандидат Дүйсенбай Нұрбайұлы нақты шешу жолдарына қатысты ой-пікірін ортаға салды. «Жайық өзенін республикалық маңызы бар су обьектілерінің тізіміне кіргізу туралы мәселе көтеріліп келеді. Алайда, тиісті қаулы әлі қабылданбады. Зерттеп, зерделеу жүргізу үшін уақыт қажет деді. Бұл тізімге кіру тәртібі бар. Енсе, құжатта қандай жұмыстар жүру керек, қаражат бөлу, арналарды ашып, түбін тереңдету туралы нақты жұмыстар айқындалған. Сондықтан, жұмысты соңына жеткізу – мақсатымыз. Алайда, Жайықтың проблемасы бір күнде немесе қаулы қабылданған бойда шешіледі деп, уәде беруден аулақпын. Мәселе назардан тыс қалмайды. Жұмыстар жүргізу керек. Әзірге осылай» деді.
Үміткерлер партиялық бағдарлама нақты есептелген, яғни, бос сөзге құрылмағанын айрықша атады. Жиын соңында сайлауға қатысатын өзге де партиялардың бағдарлама, ұстанымдарымен танысқан соң, сайлауға қатысып, дауыс беру, таңдау жасау – азаматтық борыш екенін жеткізді.
AMANAT партиясының Атырау облысының сайлау қоры қаражатынан төленді