Жаңалықтар

Ұлттық ұланда Жеңістің сексен жылдығына орай ерекше челлендж басталды

Ұлы Жеңіске биыл сексен жыл толғалы отыр. Мерейлі мереке аясында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің жеке құрамы бес шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Іс-шараның мақсаты – Отан алдындағы парызды сезіну, тарихи жадыны жаңғырту және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу. Әскери қызметшілер сап түзеп, ұйымшылдықпен белгіленген қашықтықты оңай еңсерді. Бұл бастама арқылы Ұлттық ұланның Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің сарбаздары Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп, елінің тыныштығы мен болашағы үшін күрескен батырлардың ерлігін ұлықтады.
– Спорт – денсаулық кепілі. Спорт арқылы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге құрметімізді білдіру мен үшін ерекше ілтипат болып табылады. Батыр бабаларымыз елі үшін жанын пида етіп, аяусыз ерлік үлгісін көрсете білді. Ұландықтар санасында майдангерлер ерлігі жаңғыра бермек, – дейді 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұрбек Асылханов.
Сонымен қатар, әскери бөлімнің жеке құрамы бұл шараны челлендж ретінде Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөліміне жолдап, эстафетаны жалғастыруға шақырды. Бұл бастама барша Ұлттық ұлан құрылымдары арасында кеңінен таралып, патриоттық рухты нығайтудың жарқын үлгісіне айналмақ.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button