Жаңалықтар

«Спорт әр адам үшін қолжетімді болуы тиіс»: Абай облысында бұқаралық спортқа қызығушылық артуда

«Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын», – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Абай облысында бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Тек соңғы бір жыл ішінде өткізілетін спорттық іс-шаралар саны үш есеге жуық өсті. Ал 2025 жылға қарай 500-ден астам жарыс өткізу жоспарлануда, оның ішінде республикалық деңгейдегі додалар да бар.

Жоспарланған іс-шаралар қатарында – «Abay Joly 100 miles» ультрамарафоны, дзюдодан және велоспорттан Қазақстан чемпионаты, «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі, мемлекеттік қызметкерлер спартакиадасы және мектеп лигалары бар.

– Спорт әр адам үшін, әсіресе балалар үшін қолжетімді болуы тиіс. Біз қазір спортқа қызығушылықтың артып жатқанын көріп отырмыз. Бүгінде өңір халқының 40%-ы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл – үлкен жетістік, – деп атап өтті Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ержан Абылқасымов.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыс мектептеріндегі оқушылардың жартысына жуығы – 105 822 оқушының 46 686-сы спортпен айналысады. Мектептерде 1 760 спорт секциясы жұмыс істейді, ал 12 406 бала балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жаттығады. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 4 мыңнан астам бала спортпен қамтылған.

Облыстың спорттық әлеуеті де жылдан жылға артуда. Егер 2023 жылы Абай облысынан 286 спортшы Қазақстанның ұлттық құрамасына енсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 453 адамға жеткен.

Спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы екі жылда өңірде ірі кешендерден бастап ауылдық жерлердегі модульдік залдар мен бассейндерге дейін ондаған нысан салынды.

Мысалы, 2023 жылы Ақсуат және Қайнар ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Үржар ауданында бассейн мен спорттық модуль ашылды. 2024 жылы Шүлбі кентінде жаңа спорт кешені, Көкпекті ауылында бассейн, Әуезов ауылында модульдік зал пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта бірнеше нысанның құрылысы жалғасуда, олардың кейбірі демеушілік қаражат есебінен салынып жатыр. Мысалы, Семей қаласында «Freedom Holding» компаниясының қолдауымен 1 миллиард теңгеге жабық футбол манежі салынуда.

– Біз үшін спорттың, әсіресе ауылдарда болуы маңызды. Сол себепті спорт нысандарының басым бөлігін ауылдарда салып жатырмыз. Бұл тек спорт мәселесі емес, өмір сапасының мәселесі Сонымен қатар біз Семей қаласының да инфрақұрылымын дамытуды басты назарда ұстаймыз. Қаланың тұрғындары үшін де заманауи әрі қолжетімді спорт алаңдары болуы керек, – деді Ержан Абылқасымов.

Қазіргі таңда облыста 610 спорт нысаны жұмыс істейді. Халықты спорттық инфрақұрылыммен 1000 адамға шаққанда қамтамасыз ету 52%-ға жетті. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Өңірде 72 спорт түрі дамып келеді: 23 олимпиадалық, 24 олимпиадалық емес, 10 ұлттық, 8 паралимпиадалық және басқа да бағыттар. Жалпы 47 аккредиттелген спорт федерациялары жұмыс істейді.

– Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі. Бұл – денсаулық, тәртіп, балаларымыз бен еліміздің болашағы. Біз оны әрбір тұрғынның өмірінің бір бөлігі ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деп қорытындылады Ержан Абылқасымов.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button