Қазақстандықтарға «Жаз әуендері» жобасы аясында облыстық концерттік ұйымдардың үздік концерттері ұсынылды
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Жаз әуендері» жобасы жүзеге асырылуда.
Қазақстандықтарға облыстық концерттік ұйымдардың үздік концерттері жинағын ұсынуға бағытталған Жоба осы жылдың 24 шілдесінде Ақтөбе облысы өнерпаздарының концертімен басталды.
Жобаның мақсаты – әлемдік коронавирус пандемиясы кезінде YouTube арнасы көрермендері мен қазақстандықтарға рухани дем беру, оларды карантин кезінде қазақстандық үздік шығармашылық ұжымдардың өнері арқылы қолдау, ұлттық құндылықтарды насихаттау, өнердің түрлі жанрларын кеңінен дәріптеу.
Жобаны «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» жанындағы Концерттік-гастрольдік қызмет орталығы үйлестіріп отыр.
Бүгінгі күнге дейін 15 өңірдің филармониялары жанындағы шығармашылық ұжымдардың онлайн-концерттері Министрліктің YouTube арнасы арқылы көрсетіліп, көрермендерге ұсынылды. Жоба 2020 жылдың тамыз айының соңына дейін жалғасып, оған 30-дан астам концерттік ұйымдар тартылатын болады.
Жобаның жүзеге асырылуы барысында концерттердің қаралым көрсеткіші артқан. Мәселен, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының филармониялары ұсынған онлайн-концерттері көрермендерінің белсенділігі айтарлықтай жоғары.
Концерттік-гастрольдік қызмет орталығы Жобаны алдын-ала әлеуметтік желілер мен интернет ресурстар арқылы ақпараттандыруды жолға қойған. Есепті мерзімге Жоба концерттерінің онлайн-көрсетілімдерін 4 000-нан астам адам тамашалап, оң пікірлерін қалдырған.
Қазіргі уақытта Жоба қатысушылары концерттерінің бейне материалдарына сараптама жасалып, үздік концерттерді республикалық телеарналардан көрсету мүмкіндіктері қарастырылуда.