“Абай ТВ” және “әл-Фараби” телеарнасы ашылады – А.Балаева
Елімізде екі жаңа телеарна ашылмақ. Бұл туралы ҚР президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халық алдында есеп беру кездесуінде айтты.
Ақапарт және қоғамдық даму министрі мемлекеттік органдардың қызметі туралы халықты сапалы ақпараттандыру мақсатында биыл мемлекеттік БАҚ-тың бірыңғай порталын іске қосылғанын атап өтті.
“Бұл өте маңызды қадам, әсіресе үлкен ақпарат ағымы жағдайында, азаматтарға сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қсоа отандық БАҚ мазмұнын дамыту үшін министрлік отандық ақпараттық кеңістікті дамыту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта осы жылы екі жаңа телеарнаны – “Абай ТВ” және “Әл-Фараби” ашу мәселесі қарастырылуда. Біз Абай телеарнасын сөзсіз ертең – 30 маусымда іске қосамыз. Ол “Қазақстан” ТРК-нің телевизиялық отбасының құрамына енеді және ұлттық мәдениеттің байлығы мен мұрасына арналған жаңа арнаға айналады”, – деді министр.
Ал екінші телевизиялық жоба – әл-Фараби арнасы, оның сөзінше, “Хабар” агенттігінің негізінде оқу жылының басында іске қосылмақ.
“әл-Фараби арнасы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен жаңа білім беру-ағартушылық теледидар алаңына айналады. Мұндай арнаның өзектілігі әсіресе пандемиядан байқалды. Сонымен қатар біз отандық сериялық өнімдер шығаруды жалғастырамыз. Биыл 42 серияны шығару жоспарлануда. Отбасылық құндылықтар туралы қызықты жобалар, еріктілер іс-шаралары және мұғалімдердің, дәрігерлердің, полиция қызметкерлерінің имиджін жақсартуға және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған сериалдар көрерменге жол тартады”, – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ министр сандық эфирлік хабар таратуды енгізу жалғасып жатқанын, ол бүгінде ел халқының 84% құрайтынын атап өтті. Аналогтық теледидар Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында толығымен өшірілген.
“2020 жылдың соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласы да осы жүйесіне қосылады. Министрлік жабдықты жаңарту тәсілдерін, сондай-ақ, әсіресе елдің шекаралас аймақтарында хабар тарату желісін кеңейтуге арналған Телерадио хабарларын дамыту тұжырымдамасы бойынша жұмыстарды бастады”, – деді министр
Сонымен қоса Аида Балаева экономикалық қиыншылық кезеңінде БАҚ-ты қолдау шараларына тоқталып өтті.
“Бүгінгі таңда коронавирустық пандемияға байланысты бұқаралық ақпарат құралдары үлкен экономикалық қиындықтарға тап болуда. Осы жылы жарнамалық кірістерді жоғалту болжамы орта есеппен 30-дан 60% -ға дейін деп бағаланып отыр. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында Қазақстан Республикасының Парламенті 2020 жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейінгі кезеңге салықтар мен жалақы қорынан міндетті жарналардан босатуды көздейтін заңнамаға түзетулерді мақұлдады. Сонымен қатар Парламент коммерциялық теледидарлар мен радиоарналарды аналогтық және сандық хабар тарату қызметтерін 2020 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге төлеуден босататын заң жобасын қабылдады”, – деді министр.