01

Елордада блокпостар 1 маусымға қараған түні алынады

«Тәулік бойы қала аумағында орналасқан блок бекеттерде полиция қызметкерлері, Қарулы Күштердің әскери қызметшілері, Ұлттық гвардияның өкілдері кезекшілік етті. Сонымен бірге, блокпостарда әскерге шақырылғандар да кезекшілік етті. Қалаға кіріп-шығуға тыйым салу Covid-19 індетінің таралуын азайтуға мүмкіндік берді.

Блокпостарға кіру және шығу үдерісі толығымен автоматтандырылған. Полиция қызметкерлерінің планшеттеріне енгізілген электрондық база тәртіпбұзушылықты анықтауға көмектесті. Мысалы, бірқатар кәсіпорындар қала бойынша жүріп-тұру үшін анықтаманы қолдан жасауға тырысты. Азық-түлік жүктері үшін «жасыл дәліз» ұйымдастырылды, ол арқылы қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкерлер де өте алды. Блокпостардағы жағдайды дрондармен бақылау мүмкін болды», – деп жазды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, өткізу-бақылау бекеттерін алу – қалыпты өмір сүру дағдысына ораламыз дегенді білдірмейді. «Қалада медициналық маска киіп жүру қажет. Тұрғындар санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек. Маска киіп, ара қашықтықты сақтап, қолды антисептикпен өңдеген жөн», – деп толықтырды ол.

Дереккөз: inform.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button