Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі тағайындалды
Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев өз өтініші негізінде қызметінен босатылды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Түркістан облысы әкімі Ө.Шөкеевтің өкімімен Ордабасы ауданының жаңа әкімі болып Нұрбек Бадырақов тағайындалды.
Жаңа әкімді аудан активіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев таныстырды. Ол аудандағы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды, мемлекеттік саясатты іске асыруды, Мемлекет Басшысының тапсырмаларын сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, облыс әкімі Бағлан Батыршаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.
Бадырақов Нұрбек Бақтыбайұлы 1988 жылы 11 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі-жоғары. 2009 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, кейін М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін және Қазақстан халықтар достығы университетін тәмамдаған. Мамандығы – су ресурстары және суды пайдалану; Құқықтану.
Еңбек жолын 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасында статистик болып бастаған.
2010 жылы Оңтүстік қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің жетекші маманы болды.
2016-2017 жылдары “ҚазАгро “Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ ЕТҰ қызметін талдау және дамыту департаментінде бас менеджер, ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс істеді.
2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.