04Қоғам

Ақтөбе және Орынбор облыстары сауда және логистика саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Орынбор облысының губернаторы Денис Паслермен кездесті.

Денис Паслер Ақтөбеге бейсенбі, 29 сәуір күні келді. Кездесу барысында аймақ басшылары экономикалық және әлеуметтік-мәдени тұрғыдан ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
COVID-19 пандемиясы салдарынан Қазақстан-Ресей шекарасының жабылуына байланысты, логистика және сауда бағыттары тараптар үшін маңызды болып отыр.

Атап өтейік, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес Ақтөбе облысының Орынбор облысымен тауар айналымы 106 миллион АҚШ долларынан асты.
Өңірлерде ауылшаруашылық тауар өндірушілері арасында белсенді ынтымақтастық орнатылды. Атап айтқанда, былтыр ақтөбелік шаруа қожалықтары 30 тонна сиыр етін, 15,3 тонна сүт өнімдерін, 25,6 тонна май, 165 тонна ұн, 36,2 тонна макарон өнімдерін және 736,6 тонна жылыжай өнімдерін экспорттады.

Кейін Орынбор облысының губернаторына Ахуалдық орталықтың жұмысы таныстырылды.
Оңдасын Оразалин 24/7 режимінде жұмыс істейтін жаңа қызмет коммуналдық сервисті, абаттандыру мен қауіпсіздікке жауап беретін қызметтерді біріктіретінін айтты. Жүйеге бірнеше модульдер кіреді, соның ішінде тұрғындарға арналған портал, мобильді қосымша, сервистік операторлар және тағы басқалар.

Платформа – бұл сұраныстарды жылдам өңдеуге мүмкіндік беретін интеллектуалды интерфейсі бар толыққанды жүйе.
Мәліметтер базасы барлық мемлекеттік органдармен, аудандық әкімдіктермен интеграцияланған, яғни нақты уақыт режимінде сіз әртүрлі салалардағы жобаларды, мемлекеттік бағдарламаларды және т.б. іске асырудың барысын бақылай аласыз. Қонақ жобаға қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, Денис Паслер облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жұмысымен танысып, экспозицияларды көрді. Сондай-ақ Тасқопа I қорымының элиталық I қорғанынан алынған материалдарды ғылыми қайта құрумен танысты

Басқа жаңалықтар

Back to top button