Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру, АӘК тағайындау және беру аспектілері, сондай-ақ облыстың спорт саласының жай-күйі қаралды.
Еңбек нарығындағы негізгі мемлекеттік бағдарламалардың бірі – «Еңбек», оны жүзеге асыруға 14,7 млрд. теңге қаралған. Бүгінгі таңда оның 1,9 миллиард теңгесі игерілген. Барлығы 40 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған десек, әзірге бағдарламаға 14,7 мың адам қатысқан.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Кенжебек Олжабайдың айтуынша, жоспарланған 29,8 мың адамның 12,8 мыңы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 4,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 996 жамбылдықтың қысқа мерзімді кәсіптік оқытуына облыстық бюджеттен 207,7 миллион теңге бөлініп, ол үдеріске төрт колледж және 16 оқу орталығы тартылатын болады. 148 адам шағын несиеге қол жеткізсе, жоспардан бөлек тағы 109 адамға реинвест есебінен осындай несие берілген. 1552 адам жалпы көлемі 905,4 миллион теңгенің грантын иеленген. Бұл мақсаттарға барлығы 2,2 миллиард теңге қаралған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 2820 грант беру үшін қосымша 1,6 миллиард теңгенің өтінімі жолданды.
95,4 мың жамбылдыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 9,9 млрд. теңге бөлініп, 949,5 млн.теңге сомасында АӘК берілді. Электрондық үкімет порталы арқылы АӘК тағайындау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда десек, мұндай форматпен 5852 өтінім жолданып үлгерген.
– Меркі, Талас, Жуалы аудандарында гранттар беру бойынша жұмыстар әлсіз ұйымдастырылған. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жұмыссыздарды оқыту және тиісті сертификаттар беру бойынша қызметін күшейтуі тиіс.
10 мемлекеттік бағдарламаның екеуі бойынша ғана жұмыс орындары ашылған. Біздің басты міндетіміз – тұрақты жұмыс орындарын құру, жұмыспен қамтудың белсенді шараларының көмегімен АӘК алушылар санын азайту. Халықтың мұқтаж санаттарына арналған азық-түлік жиынтықтарының сапасын жақсарту мәселесі әлі де күн тәртібінде. Тараздағы оңалту орталығының құрылысын жеделдету қажет. Барлық құрылыс нысандары, әсіресе әлеуметтік нысандар жыл соңына дейін аяқталуы керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, өткен жылы 128,7 мың адамның қатысуымен 1,5 мың спорттық іс-шара өткізілген. Ал ағымдағы жыл басынан бері 504 іс-шара өтіп, оған 25,6 мың адам қатысқан. Санитарлық нормаларды ескере отырып, спорттық-бұқаралық шараларға қатысушылар санының 100 адамнан аспауы назарға алынған. Қазіргі таңда «Аула ойындары» және «Көше ойындары» спорттық ойындарының бірінші-екінші кезеңдері өтуде.
Мамыр айында «Алтын асық», «Былғары доп» турнирлері, салааралық спартакиадалар, жеңіл атлетика, велошерулер және тағы басқа да жарыстар өткізу жоспарлануда. Мектеп демалыстары ескеріле отырып, «Жазғы демалыс» жобасы әзірленуде, жоба барысында спорт нысандарына онлайн-экскурсиялар және атақты спортшылармен мотивациялық кездесулер ұйымдастырылмақ.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын жамбылдықтардың үлесі 33 пайызға жетті. Барлық аудандарда спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу орталықтары өз жұмысын бастады. Алайда, Байзақ, Қордай, Меркі, Талас және Сарысу аудандарында қаржыландыру жайында мәселелер баршылық.
Облыс спортшылары өткен жылы түрлі республикалық және халықаралық турнирлерде 697 медальға ие болды. Боксшы Әбілхан Аманқұл, дзюдошы Елдос Сметов, еркін күрестен Әлішер Ерғали және ватерполист Алтай Әлтаев төрт олимпиадалық лицензияны қанжығаға байлады десек, тағы бес лицензияны жеңіп алу мүмкіндігіміз бар.
– Спортты қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Бұл ретте біз балалар, әсіресе мүгедек балалар арасында спортты дамытуға басты назар аударуға тиіспіз. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалардың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Спорт ареналары бос тұрмауы керек, салауатты өмір салтын ұстануға ниеттілердің бәріне олардың есіктері ашық болуы тиіс. Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда, енді әкімдердің міндеті – оларды қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау. Иесіз қалған нысандарды тез арада теңгерімге алып, балалар спорттық лагерлерінің санын көбейту керек, – деді Бердібек Сапарбаев