1 мамырдан бастап Үржардағы әуежай ұшу-қону жолағын қайта жаңартуға жабылады. Алакөл көлінің жағалауына көлікпен қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін туристер үшін автобус маршруттарының, сондай-ақ пойыздар мен қосымша тіркеме вагондардың санын арттыру жоспарлануда.
Онлайн баспасөз конференциясы барысында жазғы туристік кезеңде Үржар ауданының көліктік қолжетімділігін қалай қамтамасыз ететіні белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бастап “Нұрлы жол” инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында “Талдықорған – Қалбатау – Өскемен”автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Шығыс Қазақстан аумағы бойынша жолдың ұзындығы 454 шақырым, бүгінгі таңда жоба бойынша жұмыстардың 57 пайызы орындалды, яғни 257 км бойынша қозғалыс жолдың жаңа асфальтбетон жабынымен өтуде. Қалған 43 пайызды 2021 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
“ҚазАвтоЖол” ҰК ” АҚ Шығыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Асылбек Нұғымановтың айтуынша, Өскемен-Қалбатау учаскесінде асфальт жамылғысы бойынша жол толығымен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы негізгі жол-жөндеу жұмыстары Қалбатаудан Аякөзге дейін және одан әрі Таскескен бұрылысына дейін жүргізілетін болады. “Таскескен – Бақты” автожолын қайта жаңарту жұмыстары аяқталу сатысында, оларды шілде айына дейін аяқтау жоспарлануда.
– Қайта жаңарту жүргізілетін учаскелерде сапалы қауіпсіз үздіксіз қозғалыс үшін айналма жолдарға ерекше көңіл бөлінеді. Нәтижесінде Қалбатау-Аягөз учаскесінде маусым айында айналма жол бойынша қозғалыс 55 км, Аягөз – Таскескен учаскесінде 56 км құрайды, – деп атап өтті Асылбек Нұғыманов.
Үржар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңартуға жабылуына байланысты халық арасында туындайтын көлік қатынасындағы тапшылықты Нұр-сұлтан, Алматы қалаларынан Жалаңашкөл станциясына дейін сегіз вагоннан он вагонға дейін қатынайтын теміржол құрамдарының санын ұлғайту есебінен өтеу жоспарлануда. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтың айтуынша, бұл әр бағыт бойынша орын санын 352-ден 456-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
– 17 маусымнан бастап аптасына үш рет “Алматы – Достық” қатынасындағы 10 вагон құрамы бар жаңа жолаушылар пойызы қозғалысты бастайды, бұл қосымша 450 орынды қамтамасыз етеді. Облысішілік қатынастар бойынша Өскемен, Семей қалаларынан Жалаңашкөл станциясына вагондар саны әр бағыт бойынша бестен жетіге дейін ұлғайтылады, бұл орындар санын 270-тен 416 – ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Нұржан Жұмаділов.
Бұдан басқа, Өскемен мен Семейден Үржар ауылы бағытында күн сайын қатынайтын автобустар санын екі есеге, яғни сегізден 16-ға дейін арттыру мәселесі пысықталды. Бұл туристік маусымда жолаушылардың тасымалданатын қуатын 35,7 мың адамнан 71,4 мың адамға дейін арттыруды қамтамасыз етеді.
Нұржан Жұмаділов Үржар ауылындағы әуеайлақ пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жүргізілмегенін атап өтті. Қайта жаңартуды жүргізу мерзімдерін ауыстыру ұшу қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Бұл ретте әуежайды жаңғыртқаннан кейін қазіргі заманғы батыс үлгісіндегі әуе кемелерін, оның ішінде тәуліктің түнгі уақытында қабылдау мүмкіндігі пайда болады. Бұл келесі жаз мезгілдерінде Алакөл көлінің жағалауына туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр