14Денсаулық

2020 жылы 12 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі сатып алынды

Павлодар облысындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде дәрілік препараттармен қамтамасыз ету мәселесі сөз болды.

Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасы мекемелерінің стратегиялық дамыту және инновациялық технологиялар бөлім бастығы міндетін атқарушы Ерғалы Асылбек атап өткендей, облыста стационарлық және амбулаториялық деңгейде халықты қажетті дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

– 2020 жылы стационарлық көмек шеңберінде жалпы сомасы алты млрд теңгеге, оның ішінде коронавирустық инфекция препараттары бойынша препараттарды жеткізу жүзеге асырылды, – дейді Ерғалы Асылбек. – Амбулаториялық көмек шеңберінде 6,27 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек жеткізілді. Медициналық ұйымдарда дәрілік заттар мен медбұйымдардың жеткілікті қоры бар.

COVID-19 бойынша дәрілік заттардың сарқылмайтын қоры әзірленді. Оған айына 60 мың науқасты есебімен 40 дәрі-дәрмек түрі енді. Аталған қор Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында сақтаулы. Ондағы препараттар дәріге тапшылық пайда болған кезде пайдаланылады.

2020 жылдан бастап МӘМС жүйесін енгізген соң тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тегін амбулаториялық дәрілік заттардың тізбесі кеңейтілді.

Оның ішінде 2020 жылғы тамыздан бастап COVID-19 нозологиясы бойынша препараттар енгізілді, оған бес препарат атауы кіреді: қызуды түсіретін дәрілер және антикоагулянттар: Парацетамол, Ибупрофен, Ривароксабан, Апиксабан және Дабигатран.

Басқа жаңалықтар

Back to top button