Мұнай секторы ұйымдарына өзгерістер енгізілді
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 5 қаңтардағы №407-VI Заңымен мұнай секторы ұйымдарының тізбесін айқындау кезінде қажет болатын нақтылау енгізілді.
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 22-бабының 3-тармағына енгізілген түзетулерге сәйкес, мұнай секторы ұйымдарына мыналар жатады:
1) шикі мұнайды, газ конденсатын өндірумен айналысатын заңды тұлғалар;
2) шикі мұнайды, газ конденсатын барлауға келісімшарттар жасасқан заңды тұлғалар;
3) жер қойнауын пайдаланушы салық міндеттемесін заттай нысанда орындау есебіне берген пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушы.
Келесі қаржы жылына арналған мұнай секторы ұйымдарының тізбесін ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанына бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган және мұнай операцияларын жүргізу, жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар жасасу және оларды орындау саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган бірлесіп бекітеді.
Аталған өзгерістер нақтылау мақсатында жасалған, себебі жоғарыда көрсетілген мұнай секторы ұйымдарының тізбесі ҚР ҚМ және ҚР ЭМ бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
Жоғарыда көрсетілген түзетулер 2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі, себебі 2020 жылға арналған тізбе ұсынылған түзетулерді ескере отырып, 2019 жылы бекітілген болатын.