08Қоғам

Арнайы комиссия тексерді

Биыл Таразда жылыту маусымы мерзімінен сәл ертерек басталды. Әлеуметтік нысандарға 1 қазаннан, тұрғын үйлерге 7 қазаннан бастап жылу берілген. Алайда барлық пәтерлер жылумен қамтылмаған. Өткен аптада облыс орталығының тұрғындары әлеуметтік желілерде жылудың нашар берілуіне қатысты шағымдана бастаған.

Аймақ басшысы шұғыл әрекет етіп, қала әкімдігі мен салалық басқарма басшылығына бұл мәселені жедел шешуді тапсырды. Арнайы комиссия 30-дан астам көппәтерлі тұрғын үйді тексеріп, жағдайдың жай-күйін анықтады. Кейбір пәтерлерде температура белгіленген ең төменгі көрсеткіш 20 градустан төмен болған.

Тексеріс нәтижелері бейне-селекторлық режимінде өткен кеңесте талқыланды. Онда облыс әкімі жылумен қамтамасыз етуші ұйымдар мен мемлекеттік органдардың басшыларына сауалдар жолдады.
«ТаразЭнергоОрталық» АҚ басшысы Әбутәліп Серікбаевтың айтуынша, қаланың бірнеше шағын аудандарында техникалық себептерге байланысты температуралық режим сақталмаған.
Алайда, бүгінгі күні барлық ақаулар жойылып, жылу нормаларға сәйкес берілуде.

– Аязды күндер әлі келген жоқ, ал тұрғындар қазірдің өзінде-ақ пәтерлеріндегі суыққа шағымдана бастады. Барлық шағын аудандардан маған әлеуметтік желілер арқылы шағым түсті. Қазір ауа райы жыли түсіп, мәселе өздігінен шешіле қалды. Алайда, нағыз аяз қысқанда не істейсіздер? Тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруге міндеттісіздер. Сіздер және басшыларыңыз үйлер мен әлеуметтік нысандарды жеке тексеріп шығуға тиіссіздер, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев тұрғындардың барлық өтініштеріне жауап ретінде шаралар қабылданып жатқанын айтып, ақталуға тырысты.
– Жылу мәселелері бірінші рет талқыланып отырған жоқ. Жылы ауа райы басшыларды босаңсуына себеп емес. Мұндай проблемалар облыстың кейбір аудандарында да кездеседі. Жылумен жабдықтаушы ұйымдар өз міндеттерін толығымен орындауы керек. Сіздердің міндеттеріңіз – осыны қадағалау, – деді Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне тапсырма жүктеп.

Сондай-ақ, ол қалалық әкімдікке ПИК басшыларымен бірлесіп, белсенді әрекет етіп, тұрғын үйлердің жылыту маусымына алдын-ала дайындығына баса назар аударуды тапсырды.
Аудан басшылары әлеуметтік нысандарды газдандыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, 86 ауылдағы 156 мекемені газға қосу қажет.

Жылу энергиясын жеткізушілер мен тұтынушылар арасындағы берешекті өтеуге қатысты мәселе де өзекті күйінде қалып отыр. Құдайберген Қорғанбаев кейбір аудандарда мазутпен қамтамасыз ету мәселелері кездесетінін жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button