Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифинг барысында «Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Білісбеков кәсіпкерлікті қолдаудың қолда бар тетіктері туралы айтты.
Шағын өндірістік парктер, стационарлы емес сауда нысандары, Қызмет көрсету орталықтары кіретін ШОБ-ті қолдау бағдарламалары – бұл ӘКК қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі.
Қызмет көрсету орталықтарына келетін болсақ, бұл қызмет көрсету саласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін құрылатын үй – жайлар кешенін білдіретін жаңа бағдарлама-кір жуу орындары, ателье, былғарыдан жасалған бұйымдарды жөндеу, аяқ киім, техника жөндеу және т. б.
Қызмет көрсету орталықтарын құрудың артықшылықтары:
– Пайдаланылмай тұрған үй-жайларды қайта жабдықтау;
– Қызмет көрсету саласы бизнесі үшін инфрақұрылымды дамыту;
– Шағын бизнестің жарыққа шығуына ынталандыру.
Сонымен қатар, Almaty Finance еншілес ұйымдары және «Алматы» микроқаржы ұйымы арқылы шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіру үшін Almaty Business-2025 кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы іске асырылуда.
Сонымен бірге, Алматы ӘКК-ның балансында жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік нысандары түріндегі активтер бар, олардың негізінде әлеуметтік және коммерциялық жобалар іске асырылады.
2020 жылдың қараша айында Әуезов ауданында «Бокс мектебі» спорт залы ашылды, онда күнделікті 40-тан астам бала тегін түрде спортпен шұғылдана алады.
Сондай-ақ, 2020 жылы Қастеев атындағы өнер мектебі жұмыс істей бастады. Мектеп балалар шығармашылығын дәріптеу, халықаралық мәдени және білім алмасу бойынша үлкен жұмыстар жүргізеді, сондай-ақ халықаралық фестивальдерге қатысады.
Әуезов ауданында «Бақытты Отбасы» жанынан көпбалалы аналарды құқықтану, аспаздық шеберлік, ұлттық қолөнер, тігін шеберлігі, сұлулық салоны қызметтері мен қаржылық сауаттылық бойынша оқытатын «Іскер Ана» бағдарламасы жұмыс істейді.
«Жақында қабылданған стратегияны және орындалатын функцияларды біріктірудің ағымдағы процесін ескере отырып, қаланың әлеуметтік және экономикалық дамуында компанияның рөлі әлі де даму үстінде. Алматы қаласының ӘКК коммерциялық қызметін кеңейтіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті, олар жеке инвесторлар мен компанияның жеке ресурстары есебінен бірлесіп қаржыландырылатын болады», – деп атап өтті А.Білісбеков.
Қазіргі уақытта Almaty Invest жұмысында 884 млрд теңгеге 5 серпінді жоба бар.
Қорытындылай келе, А.Білісбеков алматылықтарды жыл сайынғы Almaty Investment Forum-ға қатысуға шақырды, оның басты мақсаты – мегаполистің инвестициялық тартымдылығын арттыру. Пандемиямен байланысты жағдайды ескере отырып, форум ағымдағы жылғы 3 желтоқсанда онлайн-форматта өткізілетін болады.