Ақтөбе облысы Батыс Қазақстанды азық-түлікпен қамтуға толық мүмкіндікке ие. Карантин жағдайында жергілікті ауыл шаруашылық кәсіпкерлері ет, сүт өнімдерін өндіруді арттырып, көрші өңірлерге де жеткізіп отырды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында өңір басшысы Оңдасын Оразалин осылай деді. Бүгінде облыс 32 азық-түлік тауарының 24 түрімен өзін-өзі қамтып отыр.
«Халықты ірі сауда желілері арқылы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін айналым қаражатына 500 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорын уақытылы қаржыландырудың арқасында бағалардың өсуіне жол берілген жоқ және халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге ешбір алаңдамайтындай жағдай жасалды», – деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, облыстағы шағын және орта кәсіпкерлердің басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Фермерлерді, шаруа қожалықтарын қолдау ретінде мал азығын субсидиялау мақсатында былтыр 3,5 млрд. теңге бөлінген. Алдағы уақытта дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткіштерін арттыру жоспарланған. Оңдасын Оразалин өңірде жалпы, бұл саланың даму қарқыны өте жоғары екендігін атап өтті.