Жаңалықтар

ШҚО-ның тағы төрт ауданы жаңа жұмыс кестесіне ауысты

Наурыз айынан бастап Шығыс Қазақстан облысының төрт ауданында жұмыс кестесі өзгерді. Енді Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Самар аудандарының тұрғындары жұмысты таңғы 08:00-де бастап, 17:30-да аяқтайды. Түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін белгіленген.

 

Бұл жаңашылдық өңірдің табиғи ерекшеліктерімен – ерте таң атып, күннің ерте батуымен байланысты. Жаңа кесте тұрғындарға күндізгі жарықты тиімді пайдалану мүмкіндігін береді. Өзгерістер мектептерге, балабақшаларға және медициналық мекемелерге әсер етпейді, себебі олар бұған дейін осы кесте бойынша жұмыс істеп келген.

 

Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсəлімқызы бұл шешім жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріле отырып қабылданғанын атап өтті.

 

– Бұл шешімді қабылдамас бұрын, біз әр ауылдық округте жиналыстар өткіздік, тұрғындар бұл бастаманы қолдады. Себебі, Зайсан ауданы Шығыс Қазақстан облысының шығыс шекарасына ең жақын орналасқан, сондықтан бізде күн ерте шығады, яғни жарық күн де ерте басталады. Сол себепті, жұмыс күнінің 08:00-де басталып, 17:30-да аяқталғаны халық үшін әлдеқайда қолайлы – жұмыстан кейін үй шаруасына, балаларға және жақындарына көбірек уақыт қалады, – деді Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсəлімқызы.

 

Самар ауданының орталық кітапхана директоры Гульмира Бакиргалова да бұл жаңашылдықты оң бағалады.

 

– Біз бұған дейін де осындай жұмыс кестесінің қажеттілігі туралы айтып жүрген едік. Енді қыс мезгілінде жұмысты ертерек аяқтауға, ал жазда уақытты тиімдірек бөлуге мүмкіндік болады, — деп бөлісті кітапхана директоры.

 

Жаңа жұмыс тәртібін енгізбес бұрын жергілікті билік өкілдері тұрғындармен кездесулер өткізіп, олар бұл бастаманы бірауыздан қолдады.

 

Бұған дейін, жыл басынан бері, облыстың тағы үш ауданында осындай жұмыс режимі енгізілген болатын. Қаңтар айында Катонқарағай ауданы жаңа кестеге көшсе, ақпанда Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарында да осы тәртіп орнады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button