Жаңалықтар

СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА «РУХАНИЯТ ОРТАЛЫҒЫ» АШЫЛДЫ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Сырдария ауданында «Руханият орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мерекелік іс-шараға құқық қорғау органдарының басшылары, өнер және қоғам қайраткерлері, аудан тұрғындары қатысты.

Рәсім Сыр елінің тарихи тұлғаларына арналған сахналық қойылымнан бастау алды.

Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет»,– деген болатын.

Былтыр өңірімізде жарияланған «Руханият жылында» мәдени-көпшілік шараларға ғана емес, ауқымды жобаларға да жете мән бердік. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер орталығы» іске қосылып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. «Самұрық қазына» қорымен бірге «Үстел теннисі» орталығын, «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайын» қолданысқа бердік. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады.

Бүгін өздеріңізбен бірге Сырдария ауданындағы «Руханият орталығын» ел игілігіне табыстауға жиналдық. Енді ақ жаулықты аналарымыз, ардақты ардагерлеріміз бен жігерлі жастарымыз бір жерде бас қосып, ұрпақтар сабақтастығын жалғайды.

Барша жерлестерді жаңа нысанның ашылуымен тағы да құттықтаймын! «Руханият орталығы – бірліктің ордасында» ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, рухани қазынамыз толыға түссін. Тәуелсіз еліміздің абыройы әрқашан асқақ болғай! Ел іргесі бекем, қуаныштарыңыз құтты болсын!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әріп Хожбанов сөз сөйлеп, жиылған жұртшылықты құттықтады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Хұсейін Әмір-Темір батасын берді. Ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен құрылысты салған мердігер мекеме қызметкерлері төсбелгімен және Алғыс хатпен марапатталды.

Айта кетейік, биыл – Қызылорда тарихындағы маңызды жыл. Осыдан бір ғасыр бұрын мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығып, Кеңестердің Бүкілқазақстандық бесінші съезінде «Киргиз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» атауы «Қазақ автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» деп өзгертілген. Ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауы қайтарылып, республика астанасы Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданған. Еліміздің алғашқы Үкімет басшылығы, басқару институттары осы жерде қалыптасып, нығайды. Алғашқы өнер, білім мекемелері ашылып, әсем ғимараттар бой көтерді.

Биыл ұлт театрының іргетасы қаланған Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының құрылғанына 70 жыл толады.

Өткен жылы мәдениет саласының қызметкерлеріне жаңадан салынған тұрғын үйден алғаш рет 40 пәтер табысталды. Мәдениет, өнер және әдебиет өкілдеріне 2023 жылдан бері «Тұран» сыйлығын табыстау дәстүрге айналды. Сыр еліндегі «Руханият жылы» қорытындыланар тұста жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыра» иегері атанды. Жерлесіміз, жас талант Бексұлтан Орынбасаров та айтыстағы аға буын ізін жалғап, жыл басталысымен «Күміс домбыра» иеленіп, Сыр руханиятының қуанышын еселей түсті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button