ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА «РУХАНИЯТ ОРТАЛЫҒЫ» АШЫЛДЫ
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жалағаш ауданында «Руханият орталығы» ашылды. Мерекелік іс-шараға облыстағы құқық қорғау органдарының басшылары, өнер және қоғам қайраткерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Рәсім үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың арнауымен ашылды. Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның қолданысқа берілуімен құттықтады.
«Бүгін елі ырысты, жері күрішті, берекесі тасып, бірлігі асқан Жалағаш ауданындағы бірқатар нысанды ел игілігіне табыстауға жиналдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» деген болатын.
Өткен жыл өңірімізде «Руханият жылы» деп айшықталып, мәдени-көпшілік шаралармен бірге ауқымды жобаларды жүзеге асырдық. Сыр өңіріндегі «Руханият жылы» жемісті болды. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. «Самұрық қазына траст» қорымен бірге «Үстел теннисі» орталығы, «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен «Оқушылар сарайы» салынып, ел игілігіне берілді. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, ірі құрылыс нысандары іске қосылады.
«Руханият орталықтары» көз ілеспес өзгерістерге толы жаңа заман шақыртуларына жауап беретін бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруда рухани-мәдени шаңырақ болады деп есептейміз. Баршаңызды жаңа нысанның ашылуымен тағы да құттықтаймын! «Руханият орталығы – бірліктің ордасы» еліміздің рухани қазынасын толықтырып, жұртшылыққа қуаныш сыйласын. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, Тәуелсіз еліміздің абыройы әрқашан асқақ болғай!» – деді аймақ басшысы.
Жиында Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Өмірбек Шәменов сөз сөйлеп, жиылған жұртшылықты құттықтады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев батасын берді. Ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.
Айта кетейік, былтырдан бері барлық 7 ауданда құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілуде.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.