ШҚО-да жылумен қамтамасыз етуді жаңғырту бағдарламасы іске асырылады
ШҚО-да 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап жылу энергиясының жаңа тарифтері күшіне енеді. Бұл тарифтер коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және жылумен қамтамасыз ету сапасын арттыруға бағытталған. Бұл туралы ШҚО Табиғи монополияларды реттеу Департаменті басшысының м.а Жұмагүл Мусипова ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте хабарлады.
– «Өскемен ЖЭО» ЖШС мен «Шығыс Жылу» АҚ жалпы сомасы 4,2 миллиард теңге көлемінде қосымша инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл қаражат жылу желілерін, қазандық жабдықтарын, сондай-ақ Өскемен қаласындағы ЖЭО-ны күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады. Бұл жөндеу жұмыстары тозу көрсеткішін азайтуға және жүйенің сенімділігін арттыруға бағытталған,- деді Жұмагүл Мусипова.
Өскемен ЖЭО – қаланың ең ірі жылу жеткізушісі, ол 1948 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі таңда станция жабдықтарының тозу деңгейі 67,6%-ды құрайды. Бұдан басқа, 1956 жылы іске қосылған Согра ЖЭО-ның тозу деңгейі 61,9%-ға жеткен. «Шығыс Жылу» АҚ-ның да жағдайы қиын: компанияға қарасты 8 қазандық пен 454,8 км жылу желілерінің тозу көрсеткіші сәйкесінше 69,2% және 63,9%.
Инвестициялық бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – 14 жылу желілерін жөндеу аумағында және Ново-Ахмирово ауылындағы №5 қазандықты жаңғырту. Бұл шаралар жылу энергиясы мен көмір шығынын азайтуға, сондай-ақ жүйенің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Нәтижесінде, жылу желілерінің тозу деңгейін 1,5%-ға азайтып, көмір шығынын 841 тоннаға қысқартамыз», – деді «Шығыс Жылу» АҚ-ның техникалық директоры Асхат Бұқатов.
Сонымен қатар, бағдарлама аясында коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлерінің жалақысын арттыру қарастырылған. Бұл білікті мамандарды тарту мен оларды жұмыс орындарында ұстап тұруға мүмкіндік береді.
– Тарифтердің өсуі көмір мен дизель отынының қымбаттауына, сондай-ақ ЖЭО қызметтерінің құнының артуына байланысты, бұл өзгерістер инфрақұрылымның ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған,- деп атап өтті «Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық директоры Нұрлан Ахметжанов.
Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылар үшін коммуналдық қызметтерді төлеуге тұрғын үй көмегі қарастырылған.
– 2025 жылы Өскемен қаласындағы 264 отбасыға тұрғын үй көмегі үшін жергілікті бюджеттен 10,8 млн теңге бөлінді, – деп атап өтті ШҚО Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.
Орташа есеппен алғанда, тұрғындар үшін жылумен қамтамасыз етуге төленетін ай сайынғы төлем 789-дан 1658 теңгеге дейін өседі. Алайда бұл қадам өңір тұрғындары үшін тұрақты және сенімді жылумен қамтамасыз етуді дамыту мақсатында жасалуда.