Алматыда Құмбел шыңында адасып кеткен екі адам құтқарылды
Алматыда Республикалық жедел құтқару жасағы тау шыңында адасып қалған екі адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мамандардың айтуынша, қазір мамыр айы болғанымен таудағы ауа райы құбылмалы. 1 мамырда ер адам тауға серуендеп шыққан. Күн жылы боп тұрған. Түстен кейін күн күрт бұзылып, қар аралас жауын жауа бастаған. Құмбел шыңына жетпестен ер адам кері қайтпақ болады. Бірақ қайтар жолдан адасып кетеді. Түсіп келе жатып танысына хабарласқан. Түнге жуық олар кездеседі. Алайда аяғы ауырып, төмен түсе алмаған.
Малмандай су болып, тоңған жігіттер құтқару жасағының кезекші пультіне хабарласқан. Оларды құтқаруға кинологтар шықты.
Құтқару жасағы шыққанда түн ішінде қар тізеден асып кеткен әрі ауа температурасы -10 градус шамасында болған. Осындай сәтте көшкін жүру қаупі барын ескерген құтқарушылар абайлап жүруге мәжбүр болды.
Аз уақыттан соң құтқарушылар адасқандардың фонарь жарығын байқаған. Алыстан хабарласып, не істеу керектігін түсіндірген.
Ер адамдар қатты тоңып, қарда отырған жерінде табылды. Құтқарушылар от жағып жылытты. Одан кейін аяғы ауырған жігітті таудан түсіріп, медицина мамандарына табыстады.