Атырау облысында балық қорын пайдаланушылардан бюджетке 121 млн теңгеден астам қаржы түсті.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың мәліметінше, көктемгі балық аулау маусымында 6 492 тонна балық ауланған.
«Оның ішінде Атыраудағы бекіре шабағын өсіретін екі зауыт үшін 289 бағалы балық бар. Бұлар – салмағы 148 кг аналық қортпа, 15 бекіре, 252 шоқыр мен 21 сүйрік. Аталған зауыттарда өсірілген бекіре шабақтарын Жайық өзеніне жіберу шілде айына жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Жайық пен Қиғаш өзендерінен, Каспий теңізінен балық аулаған құрылымдардан балық қорын пайдаланғаны үшін бюджетке 121 млн теңгеден астам қаржы түсті», – деп хабарлады Олег Тушканов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстанның Ресей, Украина, Әзербайжан мен Израильге 4069 тонна балық экспорттағанын жазған болатынбыз.