БілімЖаңалықтар

“Біздің басты мақсат – бір ауысымды мектептерге көшу” – А. Аймағамбетов

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн өтіп жатқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында мәлімдеді.

«Ұлттық кеңес мүшелерімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Біраз мүшелер біздің жұмысымызға бірге қатысып жүр, сарапшылық алаңдар мен қоғамдық кеңес шеңберінде бірге жұмыс істеп жүрміз. Бүгінгі күні балабақшалар бойынша, мектепке дейінгі балаларды кезекке қою және қабылдау 100 пайызға автоматтандырылды. Балабақшамен қамту 98 пайызға жетті. Бірақ, бұл көбінесе сандық көрсеткіштер. Қазіргі уақытта мазмұн мәселесін өзгертуге көшудеміз. Ендігі кезекте оқу стандарттарын өзгерту, тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және балалардың жас айырмашылығын өзгерту, методикалық жаңарту мәселелерін шешу жолдарын қарастыруды бастадық», – деді білім министр.

Сонымен қатар, А.Аймағамбетов үш қалада жан басына қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны басталғанын атап өтті.

«Соның арқасында жеке меншік мектептердің үлесі артып келеді. Бір жылда олардың үлесі 75 пайызға артты. Үш ауысымды мектептер мәселесі де айтылды. Біздің мақсат – екі ауысымды мектептер емес, бір ауысымды мектептерге көшу. Олсыз білім беру сапасын жақсарту мүмкін емес. Алдағы оқу жылы жаңартылған бағдарламаға көшу толық аяқталады. Енді тек білім сапасын реттеумен айналысамыз. Ол бағдарламалар мен оқулықтардың сапасын жақсарту, бағалау жүйесін жетілдіру», – деді ол.

Министр тәрбие мәселесіне де тоқтап өтті.

«Тағы бір мәселе – тәрбие жұмысы. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы дегендей, мектеп қабырғасында тәрбие жұмысын дұрыс ретке қоюды қолға алдық. Жыл басынан бастап жаңа тәрбие жұмысы парадигмасы іске асырылуда. Ең бастысы елін сүйер қазақстандықтарды тәрбиелеп, отбасы құндылықтарын бойына сіңірген азаматтарды қалыптастыру», – деді ол.

Дереккөз: strategy2050.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button