Дінде проблема жоқ – Нұрдаулет Әлмұханов
-Нұрдаулет Иманалиұлы, дін саласындағы тәжірбиелі мамандардың бірісіз. Бүгінгі таңда елордада діни ахуал тұрақты ма?
-Иә, көптеген жылдар бойы дін саласында жүргендіктен, азды-көпті жинаған тәжірбием жоқ емес. Соның ішінде, елордадағы діни ахуалдың тұрақты болуы үшін барымызды салып жатырмыз. Сенім – ол адамның ең нәзік жері. Сондықтан, біз қандай да бір проблема болса, оны дер кезінде шешуге тырысамыз. Шиеленесіп тұрған мәселе жоқ, дегенмен, атқарылу керек жұмыстар көп. Негізі, дінде проблема жоқ. Оны проблемаға айналдырып отырған адамдар. Дін туралы дұрыс ақпарат беріп, жұрттың діни сауаттылығын арттыру қажет.
-Қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарудасыздар?
-Қазіргі таңда онлайн және оффлайн кездесулер жүргізудеміз. Соңғы үш айдың өзінде он мыңға жуық адамға ақпараттық түсіндіру жұмыстары өткізілді. Әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер жүргізіп тұрамыз. Басқармаға қарасты Діндерді зерттеу орталығы жұмыс жасайды. Сонымен қатар, тағы бір орталық ашу жоспарда бар. Жақында қалалық маслихат депутаттарымен діни ғимараттарды аралап, дін өкілдерінің сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, шешілу керек мәселелерді өзімізге түртіп алдық. Алдағы уақытта, рухани келісім күніне орай, кофессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында халықаралық конференция өткізгелі отырмыз. Қазіргі кезде, әлеуметтік зерттеу жүргізіп жатырмыз. Бұл зерттеудің мақсаты – дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігін арттырып, елордадағы діни ахуалды талдау. Қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, осы жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігі қаншалықты екенін біліп отыру керек. Тағы бір айта кеткім келіп тұр, Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап кеткен «Жұмақ» атты фильм түсірген болатынбыз. Әлеуметтік желіде қаралым көп жинап, көрермендердерден кері байланыс алдық. Осындай фильмдер халыққа керек екен. Қоғам арасында діни теріс ағымға бет бұрып кету фактісі әлі де бар. Сондықтан, осындай жағдайлардың алдын алу үшін әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалана білу керек.
-Жоғарыда фильм деп айтып өттіңіз. Мен де сіз айтып отырған «Жұмақ» фильмін көріп шықтым. Дұрыс айтасыз, әлеуметтік желілерде кеңінен таралған фильм болды. Тағы қандай фильмдер түсіру жоспарда бар? Түсіріп жүрген фильмдеріңіз шынайы оқиғаларға негізделген бе?
-Алда «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы елге оралған әйел жайында фильм шығады. «Жусан» операциясы арқылы 613 адам оралған, олардың 420-сы балалар. 32 бала отанына тұл жетім болып келді. Таяу Шығысқа кетіп қалған әйелдердің көбісі террористік пропаганданың құрбандары. Қаншама қара көз қарындастарымыз осындай теріс пиғылды адамдардың кесірінен шекара асып, отанынан, отбасынан бас тартуда. Жаңадан жарыққа шыққалы отырған фильмде Сирияда болған әйелдің елге келгеннен кейінгі жағдайы мен оның балаларының басынан өткен тағдыры баяндалатын болады. Әрине, фильмдер шынайы оқиға желісінде түсіріледі. Кино болғаннан кейін, көркем түрде жеткізуге тырысамыз. Осындай өмірден өткен тағдырларды көрсету арқылы, қаракөздеріміз бен жігіттерімізге сабақ болады қандай да бір ой түйеді деп ойлаймын.
-Діни радикалды топтардың құрбаны болып қалмау үшін не істеу керек? Адамның дәстүрлі діни бағыттан тайып кеткенен қалай байқауға болады?
-Біріншіден, тәрбиенің тал бесігі –ол отбасы. Ата-ана өзінің ұрпағына дұрыс тәрбие мен бағыт беру керек. Бізді де, біреудің ала жібін аттама, жан баласына кесірің тимесін деп үйретті емес пе? Екіншіден, тәрбиеден бөлек, діни сауаттылықты арттыру керек. Қандай дінді ұстанбаңыз, сол діннің тарихы мен бағытын түсіну керек. Дін –адамды жақсылық пен ізгілікке жетелейтін жол. Ол жерде өшпенділікке жол жоқ. Үшіншіден, әлеуметтік желіні дұрыс пайдаланып үйрену. Интернеттегі ақпарат легін бақылауда ұстап отыру мүмкін емес. Біз, әрине, радикалды аккаунттарды бұғаттауға барынша тырысамыз. Бірақ, олар әлі бар. Сондықтан, қандай да мәлімет оқымастан бұрын, оны кім жазып отыр, ақпарат көзі дұрыс па, соны тексеру керек. Бізде ресми ақпарат тарататын сайттар бар. Егер бір мәлімет қызықтырса, сол жерден іздеп табыңыздар. Ал, екінші сұрағыңызға келер болсам, адамның өмір сүру дағдысы, сырт келбетін, иммиджі өзгеріп, қоршаған ортасына көзқарасы өзгереді. Адам агрессивті болып кететін жағдайлар да кездесіп жатады. Ол бірден білінбейді. Бірақ, бірте-бірте адамның өзгергенін байқай аласыз.
-Мысалы, жанымызда жүрген жан сондай радикалды топқа түсіп кетті делік. Қалай көмектесуге болады?
-Ондай адамдармен мамандар жұмыс жасаған жөн. Теологтардан сабақ алып, психологтармен кеңесу керек. Егер, жақындарыңыз жат ағымға өтіп кетсе iKomek – 109 нөміріне хабарласыңыздар.
-Сұхбатыңызға рахмет!