Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өткен жылы тұңғыш рет қолға алынып, биыл екінші рет жүзеге асырылып отырған “Интернаттан кейінгі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарды қолдау және өмірге бейімдеу” жобасы аясында “Сен жүрегіңді аш, біз құшағымызға бөлейік” атты тақырыпта кездесу өтті. Кездесу барысында кофебрейк ұйымдастырылып, нұр-сұлтандық бір топ меценаттардың көмегімен 25 адамға (жобаның фокус тобына жататын жастар) 25 пакет ет таратылды.
Сондай-ақ, жоба аясында ашылып отырған Qushaq.kz сайтының стратегиялық жоспары таныстырылды.
Qushaq.kz сайтының – ата-ана, туыс-бауырдың мейіріміне мұқтаж жастарды халықтың құшағына бөлеп, елмен етене араласуына, балалар үйінің түлегі болып табылатын жас отбасыларға меценат жандар мен қайырымдылық көрсетуге мүмкіндігі бар компаниялардың оларға әлеуметтік жағынан қолдау көрсетуіне, 18 жастан кейін яғни, үкіметтен қолдау көрсетілу мүмкіндігі аяқталған жастарды үлкен өмірге дайындау ісінде оларға идея беріп, жол көрсететін тәлімгерлерді тарту мақсатында құрылып отыр.
Бұл шарада «Тәлімгерлер клубы» мүшелері де қатысып, қаладағы интернаттан кейінгі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастармен танысып, клуб мақсатына орай өз жұмыстарын бастап кетті. Атап айтатын болсақ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының кеңесшісі, «Ақәжелер» ансамблі мен «Тәлімгерлер клубы» мүшесі, Нәсіпжан Абдрахманова бүгінгі кездесудің шымылдығын ашып, жастарға ақ батасын беріп, жоба жұмысына сәттілік тіледі және де шара кезінде ет үлестірген Нұр-Сұлтандық қайырымды жандарға Алғыс білдірді. Ал №46 «Самал» санаторлық балабақшасының меңгерушісі Балауса Қайырғалиева жастармен тілдесудегі Алғы сөзін «өмірге бейімдеу, әлеуметтендіру ол үлкен мәселе. Әрине, қоғамға пайдасы бар бір, ал екіншіден қоғамға пайдасы тиетін түлектерді тәрбиеге алғалы тұрмыз ғой» деп, «Тәлімгерлер клубы» тобын құрудағы идеяға ерекше тоқталды.
Өз кезегінде жобаның фокус тобына жататын жастар және олардың қамқоршылары да пікір білдірді. Мәселен, Жаппарова Мадина есімді ата-ана қамқорлығынсыз қалған бойжеткеннің қамқоршысы Гүлмира Авакриева, «мұндай ісшараны өз басым алғаш рет көріп тұрмын. Әдетте бір-бір себетті қолдарына беріп, фотоға түсіріп есеп үшін жасалатын қайырымдылық көмектерді көріп жүрміз. Ал бүгінгі шараның «Сен жүрегіңді аш, біз құшағымызға бөлейік» деген тақырыбының өзі тартымды екен. Ұзағынан болсын, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Бұған дейін де бұл жобадан хабарым бар. Себебі, өткен айда осы жобаның координаторлары «Жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жастардың оқуға түсуі мен мемлекеттік жеңілдіктері» атты вебинар өткізіп, өзімді алаңдатқан сұрақтарыма яғни, қамқоршы болып отырған қызымның қаладағы педагогикалық колледж грантына үміткер ретінде тіркетіп, құзырлы мекемелерден мамандар шақырып, үйлестіріп берді» деді.
Шараны – ұйымдастырушы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, Нұр-Сұлтан қалалық филиалының аталып отырған жобаға жауапты координаторлары қорытындылап, алдағы уақытта Qushaq.kz деп аталатын (сайт, инстаграм, фб) әлеуметтік парақшаларға тіркеліп, онда жасалып жатқан және жасалатын мүмкіндіктерден қалыс қалмай, белсенді болуға, жастардың өзі өмір сүріп отырған қоғамның бір мүшесі екендігін сезініп, бірлесіп жұмыс жасауына өздері де қолдау көрсетуге тиіс екендігін баса айтты.
«Сен жүрегіңді аш, біз құшағымызға бөлейік» атты кездесуге балалар үйінің түлектері мен тәрбиешілері және тәлімгерлер мен блогерлер қатысты.