Жаңалықтар

«ҚАРАКЕТКЕН» АУЫЛЫНДА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жалағаш ауданының«Қаракеткен» ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен салынған дәрігерлік амбулатория ашылды. Рәсімге облыстағы құқық қорғау органдарының басшылары, медицина саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс денсаулық сақтау салаларындағы жаңашылдықтарға тоқталды.
«Мемлекет басшысының төрағалығыменөткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндадым. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы облыста атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Алдымызда әлі жүзеге асыратын жобаларымыз көп. Осы бағытта жұмысымызды жалғастыратын боламыз.
Аймақтың денсаулық сақтау саласының бюджеті 129 млрд. 448 млн. теңгеге жетті. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан салынды. Жалағаш ауданының Есет батыр, Мырзабай ахун ауылдарындағы екі дәрігерлік амбулатория 2023 жылы ашылып, қазір ел игілігіне қызмет етуде.
Бүгін ел игілігіне табысталатын жаңа ғимаратта бастапқы медициналық көмек көрсету сапасын жақсарта түсуге жол ашылсын! Дәрігерлеріміз елге адал қызмет етіп, халық алғысына бөлене берсін! Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз баянды болғай!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында медицина саласының ардагері,Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Тұрғанбай Маханов батасын берді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында қажырлы еңбек еткен ардагерлер мен аурухананы салған құрылысшыларға марапаттар тапсырылды.
Айта кетейік, өткен жылы Қызылордада жаңа «Қан орталығы» ашылып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. Жаңақорған ауданы «Төменарық» ауылында, Арал ауданы «Сексеуіл» кентінде ауылдық ауруханалар қолданысқа берілді. Ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды.
Облыс орталығында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, ұлттық жоба аясында 4 көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыс салынады.
Өткен жылы 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 6 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады. Медициналық құрал-жабдықтармен қамтылудеңгейі 87,1 пайызға жетті. Соңғы 2 жылда облыстың барлық елді мекеніндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 245 жаңа санитарлық автокөлік табысталса, оның 11-і Жалағаш ауданына берілді. Осылайша, ауылдарды санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толық шешілді.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 4 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады. Бұл қаржыға Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды. Скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен алынып, ауыл тұрғындарын тексеруден өткізуде.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button