Мәдениет

Астрахань қаласы маңынан Алтын Орда дәуіріне қатысты тың олжалар табылды

Бұл туралы Ресей Мәдениет министрлігінің ресми өкілі Елена Лысенко әлеуметтік парақшасында хабарлады.

Ресейдің Астрахань облысындағы Селитренное ауылына жақын жерде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында ғалымдар жаңа артефактілерді тапты. Археологиялық экспедицияның ғылыми жетекшісі Евгений Пигарев, Алтын Орданың астанасы саналған Сарай-Бату қаласы жақында өз атауын өзгертуі мүмкін деп санайды.

«Зерттеу барысында біз бұрын ғалымдарға белгісіз болып келген тың ғылыми жаңалыққа қол жеткіздік. Бұл мәліметтер бізге XIV-XV ғасырлардағы Алтын Орданың астанасында болған көптеген даму үрдістеріне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Бұрын Селитренное ауылының астында XIII ғасырдың мәдени қабаттары орналасқан деп есептелінген. Өз кезегінде бұл ғалымдарға Селитренное қалашығы Алтын Орданың алғашқы астанасы Сарайдың  (Сарай Бату) қаласының орны деген болжам жасауға мүмкіндік берген. Енді бізге Селитренное қалашығын Сарай әл-Жәдид, яғни Жаңа Сарай қаласы деп айтуға толық негіз бар», – деп түсіндірді ғалым.

Айта кету керек, бұған дейін Селитренное қалашығы Сарай Бату, ал Волгоград облысындағы  Царев қалашығы Сарай Берке (Сарай әл-Жәдид, Жаңа Сарай) деп есептелген еді. Қазіргі таңда зерттеушілердің көпшілігі Гүлістан қаласы Царев қалашығының орнында, ал Сарай әл-Жәдид қаласы Селитренное қалашығының орнында болған деген болжамды қолдайды.

Е. Пигарев Селитренное ауылының орнынан табылған нумизматикалық олжалардан XIV–XV ғасырлардың көптеген монеталарының  шыққандығын, ал  XIII ғасырға тиесілі монеталардың табылмағандығын атап өтті. Мұның бәрі Алтын Орданың екінші астанасы – ортағасырлардың ұлы билеушілерінің бірі Өзбек ханның кезінде салынған Сарай әл-Жәдид қаласы (Жаңа Сарай) болғандығын білдіреді.

twesco.org

Басқа жаңалықтар

Back to top button