Күршімдегі көпқабатты пәтерлер біртіндеп орталықтандырған жылуға қосылмақ
Күршім ауылында 36 көп қабатты үй болса соның екеуі орталықтандырылған жылу қазандығына қосылған. Бұған дейін пәтерлер табиғи отынды пайдаланып, баспаналарын пешпен жылытқан.
Биылғы жылы қазандықтағы күрделі жөндеуден кейін қалған көпқабатты үйлерді жылу қазандығына қосу мүмкіндігі қарастырылуда.
– Бұған дейін ауыл ауруханасына тиесілі болған жылу қазандығын әкімдік өз теңгеріміне алды. Биыл жалпы қазандықтардың қуаттылығын көтерумен айналыстық, алдағы уақытта аудан орталығындағы көпқабатты пәтерлерді толық орталықтандырған жылумен қамтамасыз етуге жұмыс жасаймыз, – деді аудан әкімі Алмат Ақышев.
Орталықтандырылған жылыту қазандығына қосылу жергілікті тұрғындардың өмірін, соның ішінде қаржылық жағынан да жеңілдетері анық.
– Біздің пәтерде отыз жылға жуық жылу болған жоқ, пеш жағу үшін бір қыста 6-7 тонна көмір аламыз. Бір тонна көмірдің бағасы қазір орта есеппен 35 000 теңге. Бұл өте қымбат,- деді ауыл ақсақалы Көбеген Нұғымаров.