ҚоғамТехнология

ІІМ қызметінің 83 пайызы электронды форматқа көшірілді

Ішкі істер министрлігі қызметінің 83 пайызы электронды форматқа көшірілген. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев айтты.

Ішкі істер министрі полицияға деген сенімді арттыру мақсатында министрлік ақпараттық технологияларды енгізуде екенін атап өтті.

“Қағаз анықтамаларды жойып, барлық мемлекеттік қызметтерді электронды жүйеге көшіру жұмысы жүріп жатыр, мәселен, 2019 жылы жалпы 24 млн. 483 мың қызмет көрсетілді. Бұл біріншіден, сыбайлас жемқорлықты жояды. Екіншіден, қарапайым азаматтар уақытын үнемдейді. Үшіншіден, “Электрондық Үкімет” порталы арқылы үйде отырып мәселесін шешеді”, – деді министр.

Сонымен қатар Ерлан Тұрғымбаев электронды форматқа көшкелі бері біраз нәтижеге қол жеткізілгенін айтып өтті.

“Мекен-жай анықтамаларын беруді тоқтаттық. Бұрын осы анықтаманы алу үшін жылына 10 млн адам кезекте тұратын. Осы жылдың 1-қаңтарынан бастап елімізге уақытша келген шетелдіктер тіркеуден өтпейді. Шақыру бергендер көші-қон қызметіне өздері хабарласуы тиіс. Ішкі істер министрлігі көрсететін қызметтердің 83% электронды форматқа ауысты. Жыл соңына дейін көші-қон саласы бойынша тағы бірнеше қызмет түрі “онлайн жүйеге” көшеді. Ал 200 қызметкерді басқа жұмыстарға жібереміз. Қызметкерлер мен азаматтардың арасында тікелей байланыс болмауы үшін автоцондағы тіркеу-емтихан бөлімдерін жауып, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бердік. Жүргізуші куәлігі, нөмір беру, көлікті тіркеу, сынақ тапсыру барлығы сол орталықтарда жүзеге асады. Бұл сыбайлас жемқорлықты болдырмайды. Автоматтандыру жүйесін 91% жеткізуді жоспарлап отырмыз”, – деді ол.

Министрдің сөзінше, Ішкі істер министрлігі еліміздегі ең ірі құқық қорғау органы болғандықтан, функционалдық міндеттері де көп.

“Біздің қатарымызда Қылмыстық атқару жүйесі, Төтенше жағдай және Ұлттық ұлан құрылымдары бар. Төтенше жағдай мен карантин кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін полиция қызметкерлері, дәрігерлермен бірге алдыңғы шепте жүрді. Ішкі істер министрлігі елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бар күшін салды. Бұндай жағдай Қазақстан тарихында бірінші рет болып отыр. Төтенше жағдай кезінде 400 блок-бекет, 200 санитарлық бекет жұмыс істеді. Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарға күзет қойылды. Ауруды таратпау үшін тұрғынүйлер коршауға алынды. 9 мыңнан астам адам іздестіріліп, табылды”, – деді ол.

Сонымен қатар ол төтенше жағдай кезінде қалыс қалмай ерікті ретінде қызмет еткен жандар мен тұрғындарға да алғыс білдірді.

“Осының барлығына Ұлттық Ұлан, мен ішкі істер органдарынан 50 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылды. Өз уақытымен санаспай, отбасынан алыс болса да, күндіз-түні қызмет жасап, Отан алдындағы борышын, ел алдындағы міндетін адал атқарған қызметкерлерге және біздің жұмысымызға түсіністік танытқан тұрғындарға рахмет айтамын. Көп үлес қосқан еріктілерге де алғыс білдіргім келеді. Төтенше жағдайдан бөлек, біздің қызметкерлер түрлі қылмыстармен күреседі. Адам өлтіру, ұрып-соғу, зорлық-зомбылық, ұрлық, тонау, тағы басқа қылмыстарды ашу үшін полицейлер күндіз-түні қызмет етуде. Ішкі істер органдары – елдегі қоғамдық тәртіптің тірегі және азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі”, – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button